Қорынттықтарға 1-хат 4:1—21

  • Басқарушылар адал болу керек (1—5)

  • Мәсіхшілердің кішіпейілділігі (6—13)

    • “Жазылғандарды ғана ұстаныңдар” (6)

    • Мәсіхшілердің сахналық көрініс сияқты болуы (9)

  • Пауылдың рухани балаларының қамын ойлауы (14—21)

4  Адамдар бізді Мәсіхтің қызметшісі, Құдайдың қасиетті құпиялары+ сеніп тапсырылған басқарушы деп қарастырсын.  Ал басқарушыдан адал болу талап етіледі.  Мені сендердің не қандай да бір соттың тексеріп соттағаны мен үшін аса маңызды емес. Ол түгіл өзім де өзімді тексеріп соттамаймын.  Менің ар-ұжданым таза. Бірақ бұл әділ екенімнің дәлелі емес, өйткені мені соттайтын — Ехоба+.  Сондықтан уақыты келмейінше, яғни Иеміз келмейінше, ештеңеге қатысты төрелік етпеңдер+. Ол түнекте жасырылғандарды жарыққа шығарады және адамның жүрегіндегі ниетін ашып көрсетеді. Сонда әркім Құдайдан лайықты мақтау алады+.  Бауырластар, бұларды сендердің пайдаларың үшін өзіме және Аполлосқа+ байланыстырып айттым. Себебі біріңді біріңнен жоғары қойып, кеуде көтеріп кетпеулерің үшін+, біздің үлгімізге қарап, “Жазылғандарды ғана ұстаныңдар” деген қағиданы ұғып алсаңдар екен деймін.  Кім сені өзгеден артық қылды? Құдайдан алмаған нең бар+? Алған болсаң, неге ештеңе алмағандай мақтанасың?  Сендер болып-толып қалдыңдар ма? Байып кеттіңдер ме? Әлде бізсіз патшалық ете бастадыңдар ма+? Патшалық ете бастағандарыңды шынымен қалар едім, сонда біз де сендермен патша болып билік етер едік+.  Меніңше, Құдай бізді, елшілерді, өлімге кесілгендер+ ретінде сахнаға ең соңында шығарды: біз осы дүние үшін, періштелер мен адамдар үшін сахналық көрініс сияқты болдық+. 10  Мәсіхке қызмет еткеніміз үшін біз ақымақ+, ал Мәсіхпен байланыстағы сендер ақылды, біз әлсіз, сендер күшті, біз қадірсіз, ал сендер қадірлісіңдер. 11  Біз осы күнге дейін асқа да, суға да жарымай+, жұпыны киініп, таяқ жеп+, үйсіз-күйсіз жүрміз, 12  өз қолымызбен ауыр еңбек етіп келеміз+. Бізді қорлағандарға бата тілейміз+, қуғындаса, төземіз+, 13  жала жапқандарға жылы жауап береміз+. Әлі күнге дейін осы дүниенің қоқысы, сыпырындысы болып есептелеміз. 14  Бұларды сендерді ұялту үшін емес, сүйікті балаларым ретінде ақылға шақыру үшін жазып отырмын. 15  Мәсіхпен бірліктегі 10 000 қамқоршың* бар шығар, бірақ әкелерің көп емес. Ал мен ізгі хабар арқылы Мәсіх Исамен бірліктегі әкелерің болдым+. 16  Сондықтан маған еліктеуге шақырып отырмын+. 17  Сол үшін сендерге Тімөтені жіберіп отырмын, ол — Иемізбен бірліктегі+ сүйікті әрі адал балам. Ол менің қай жердегі қауымда болмасын, тәлім бергенде қолданатын Мәсіх Исаның жолындағы тәсілдерімді естеріңе салады. 18  Мені келмейді деп, кейбіреулер менменсіп кетіпті. 19  Бірақ, Ехобаның қалауы болса, жуырда сендерге бармақпын. Сонда менменсінгендердің сөзін емес, күшін көремін. 20  Өйткені Құдай Патшалығы сөз арқылы емес, күш арқылы көрінеді. 21  Қайсысын қалайсыңдар, таяқпен+ келгенімді ме, әлде сүйіспеншілікпен, жұмсақтықпен келгенімді ме?

Сілтемелер

Немесе “тәрбиешің”.