Қорынттықтарға 2-хат 4:1—18
4 Құдайдың мейірімінің арқасында осы қызметке ие болғандықтан, еш талмаймыз.
2 Қайта, жасырын да ұят істерден аулақ болып, еш қулық-сұмдыққа бармаймыз, Құдай сөзін де бұрмаламаймыз+. Оның орнына, шындықты аша отырып, Құдай алдында өзімізді барша адамдардың ар-ұжданына үлгі етеміз+.
3 Біз жариялап жүрген ізгі хабар жабулы болса, жойылатындар үшін жабулы.
4 Сенбейтіндер Мәсіх туралы салтанатты ізгі хабардың нұрын көре алмау үшін+, осы дүниенің* құдайы+ олардың саналарын соқыр қылып қойған+. Ал Мәсіх Құдайдың кейпі болып табылады+.
5 Біз өзіміз жайлы емес, Иса Мәсіхтің Иеміз екені туралы және Иса үшін сендерге құл болғанымыз туралы уағыздап жүрміз.
6 Өйткені: “Түнекте жарық нұрын шашсын”,— деген Құдай+ Исаның жүзі арқылы жүрегімізге нұрын төкті+. Ол мұны өзі туралы керемет біліммен жүрегімізді нұрландыру үшін істеді.
7 Алайда адам күшінен асқан күш өзіміздікі емес, Құдайдікі екені анық көріну үшін+, осы қазынаны қыш ыдыстарда+ сақтаймыз+.
8 Біз жан-жақтан қыспақталудамыз, бірақ қолымыз байланып қалған жоқ; абыржулымыз, бірақ тығырыққа тірелген жоқпыз*+;
9 қуғындалудамыз, бірақ Құдай бізді тастаған жоқ+; бізді құлатуда, бірақ жойылған жоқпыз+.
10 Исаның өмірі де біздің тәнімізден көрініс табу үшін, бізге Исаға сияқты әрдайым өлім қаупі төніп тұрады+.
11 Себебі тірі жүрген біздер Иса үшін ұдайы өліммен бетпе-бет келеміз+. Осылай оның өмірі де біздің ажалды тәнімізден көрініс табады.
12 Сонымен, біздің өліммен бетпе-бет келуіміздің арқасында сендер өмірге ие болудасыңдар.
13 Киелі жазбада: “Мен сендім, сондықтан сөйледім”,— делінген+. Біз де сенеміз, сол себепті сөйлейміз.
14 Өйткені Исаны тірілткен Құдай бізді де сол сияқты тірілтетінін және сендермен бірге оның алдына апаратынын білеміз+.
15 Осының бәрін сендердің игіліктерің үшін басымыздан өткіздік. Бұл бұрынғыдан да көп адам Құдайға ризашылық білдіріп жатқандықтан, оның зор рақымы арта түсу үшін болды, осылай Құдайдың даңқы аса бермек+.
16 Сондықтан біз еш талмаймыз. Тәніміз тозып әлсіресе де, жан дүниеміз күн сайын жаңара түсуде.
17 Көріп жатқан қиындықтарымыз уақытша әрі жеңіл болғанмен, бізді әлдеқайда зор, мәңгілік ұлылыққа жеткізеді+.
18 Біз көзге көрінетін емес, көрінбейтін нәрселерге назар тігеміз+. Өйткені көрінетін нәрселер уақытша, ал көрінбейтіндер мәңгілік.
Сілтемелер
^ Немесе “заман”. Түсіндірмедегі “Заман” сөзін қараңыз.
^ Мүмкін: “дәрменсіз күйде қалдырылған жоқпыз”.