Қорынттықтарға 2-хат 9:1—15
9 Қасиеттілерге қызмет көрсету+ жөнінде сендерге жазудың қажеті де жоқ.
2 Өйткені бұған әрқашан даяр екендеріңді білемін және Ахаядағылар былтырдан бері көмекке әзір деп, македондықтарға мақтанып та жүрмін. Осы құлшыныстарың олардың көбіне қозғау салды.
3 Мақтағанымыз бекер болмасын, қайта, өзім айтқандай, сендер шынымен даяр тұрсын деп, бауырластарды жіберіп отырмын.
4 Әйтпесе македондықтар менімен бірге келсе, даяр емес екендеріңді көріп, сендерді айтпай-ақ қояйын, сендерге сенген біздер ұятқа қалып жүрерміз.
5 Сондықтан да бауырластарды сендерге алдын ала баруға талпындырып, уәде еткен сыйларыңды жинап қойғандарын жөн көрдім. Сонда тартуларың біз мәжбүрлегендіктен емес, өздерің жомарттықпен берген сый болады.
6 Бұл орайда айтарым — сараң сепкен аз, ал жомарт сепкен мол жинайды+.
7 Әркім жүрек шешіміне қарай, еш қиналмай, зорлықсыз берсін+, себебі Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді+.
8 Оның үстіне, сендерде қажеттінің бәрі әрдайым мол, әрі әрқилы игі істер жасауға керектінің бәрі жеткілікті болу үшін, Құдай рақымын молынан жаудыра алады+.
9 (Киелі жазбада: “Ол жомарттықпен өз иелігімен бөлісіп, жарлыларға берді. Оның әділ істері мәңгі бақи қалады”,— делінген+.
10 Диқанға тұқымды, адамдарға нанды молынан беретін Құдай сендерге себетін тұқымды ағыл-тегіл етіп береді, сондай-ақ әділ істеріңнің өнімін молайта түседі.)
11 Барлық жағынан жомарт болуларың үшін, бәрін молынан алып жатырсыңдар. Біздің осы атқарып жатқан ісіміздің арқасында мұндай жомарттық адамдарды Құдайға ризашылық білдіруге талпындырады.
12 Өйткені осы атқарған қызметтерің қасиеттілердің қажеттілігін жақсылап қамтамасыз етіп+ қана қоймай, Құдайға алғыс айтушылардың көп болуына себепші болмақ.
13 Олар осы қызметтің жемісін көріп, өздерің жариялап жүрген Мәсіх туралы ізгі хабарға бағынатындарың үшін және оларға да, өзгелердің бәріне де жомарттықпен садақа беріп жатқандарың үшін Құдайды дәріптеуде+.
14 Құдай сендерге шексіз рақымын жаудырып жатқандықтан, олар сүйіспеншіліктерін білдіріп, сендер үшін жалбарынуда.
15 Теңдесі жоқ сыйы үшін Құдайға мың да бір рақмет!