Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

82-ОҚИҒА

Мардохай мен Естер

Мардохай мен Естер

ЕЗРАНЫҢ Иерусалимге сапар шегуіне дейінгі бірнеше жылға кері оралып көрелік. Мардохай мен Естер Парсы патшалығындағы аса беделді исраилдіктер. Естер — ханым, ал оның немере ағасы Мардохай — патшадан кейінгі екінші әкім. Бұның қалай болғанын көрелік.

Естер ата-анасынан ерте айырылғандықтан Мардохайдың қолында өседі. Парсы патшасы Артаксеркстің ордасы Сузада болатын, ал Мардохай оның қызметшілерінің бірі еді. Сонымен бір күні патшаның әйелі Астин патшаға бойсұнбай қояды да, патша өзіне жаңадан басқа әйел таңдайды. Кімді таңдағанын білесің бе? Иә, жас Естер сұлуды.

Барлығы бас иіп жатқан өркөкірек адамды көріп тұрсың ба? Бұл — Аман. Парсы еліндегі аты белгілі адам. Ал мынау отырған — Мардохай. Аман Мардохайдың да өзіне бас игенін қалайды. Алайда Мардохай олай еткісі келмейді. Ол Аман сияқты жаман адамға бас иген дұрыс емес деп есептейді. Бұл Аманның зығырданын қайнатады. Сондықтан қарашы, ол не істейді.

Ол: “Исраилдіктер — жаман адамдар. Сенің заңдарыңа бойсұнбайды. Оларды өлтіру керек”,— деп, олар туралы патшаға лақап сөз айтады. Артаксеркс әйелі Естердің исраилдік екенін білмейтін. Сондықтан ол исраилдіктердің бәрі белгіленген күні өлтірілуге тиіс екендігі туралы жарлық шығарады.

Мардохай бұны естігенде қатты қамығады.

— Сен патшаға бұл жөнінде хабарлап, жалынып-жалбарынып бізді құтқарып қалуын сұрауың керек,— деп, ол Естерге хабар жібереді. Патшаның шақыртуынсыз алдына келу Парсы заңын бұзған болып есептелетін. Сөйтсе де Естер патшаның шақыртуынсыз алдына келеді. Патша алтын аса таяғын созып, оны жазаламау үшін белгі береді. Естер патша мен Аманды үлкен қонақасына шақырады. Қонақасында патша Естерден не қалайтынын сұрайды. Сонда Естер Аман екеуін ертеңіне тағы қонақасына шақырады.

Дастарқан басында Естер патшаға:

— Мен де, менің халқым да өлтірілуге тиіс,— дейді. Патша ашуланып:

— Бұлай етуге кімнің дәті барды?— деп сұрайды.

— Бұл залым — жауыз Аман!— дейді Естер.

Енді патша шындап қаһарына мінеді. Ол Аманды өлтіруді бұйырады. Бұдан кейін ол Мардохайды өзінен кейінгі екінші әкім етіп тағайындайды. Сонда Мардохай исраилдіктерді қыратын мезгіл жеткенде, оларға өз өмірін қорғауға құқық беретін заң шығару туралы қамданады. Енді Мардохай беделді адам болғандықтан, исраилдіктерге көптеген адамдар көмектесіп, олар жауларынан құтқарылады.

Естер кітабы.