Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

77-ОҚИҒА

Олар жығылып табынбайды

Олар жығылып табынбайды

МЫНА үш бозбала есіңде ме? Иә, бұлар өздеріне лайық емес тағамнан бас тартқан Даниялдың достары. Бабылдықтар оларды Шидрақ, Мишақ және Абденаго деп атайтын. Ал енді оларға көз тасташы. Неге олар басқалармен бірге алып алтын мүсінге жығылып табынбайды? Кел, білейік.

Он өсиет деп аталатын Ехобаның өзі жазып берген заңдары есіңде ме? Бірінші заңда былай делінген: “Сен менен басқа құдайларды құрмет тұтпауың керек”. Қаншалықты қиын жағдайға тап болғанына қарамастан, қазір мына бозбалалар дәл осы заңға мойынсұнуда.

Бабылдың патшасы Набуходоносор соққан мүсінін дәріптеу үшін көптеген елеулі адамдарды шақырады. Ол қазір ғана халыққа арнаған сөзін аяқтады: “Кернейдің, арфаның және басқа да аспаптардың үнін естігенде, тізерлеп жығылып, мына алтын мүсінге табынып, оны дәріптеулерің керек. Оған жығылып табынбаған және оны дәріптемеген әркім тез арада жанып жатқан пешке тасталады”.

Шидрақ, Мишақ және Абденагоның жығылып табынбағанын естігенде, Набуходоносор қатты ашуланды. Ол оларды алдына алып келуге бұйырады да, жығылып табынуларына тағы да бір мүмкіндік береді. Бірақ бозбалалар Ехобаға арқа сүйейді.

— Қызмет етіп жүрген Тәңіріміз бізді құтқара алады,— дейді олар Набуходоносорға.— Тіпті егер ол бізді құтқармаса да, сенің алтын мүсініңе жығылып табынбаймыз.

Бұны естігенде Набуходоносор одан да бетер ашуланады. Пеш тұрған жер қашық емес еді, сонда ол:

— Пешті әдеттегіден жеті есе артық қыздырыңдар!— деп бұйырады. Сосын, әскеріндегі ең күшті кісілерге Шидрақ, Мишақ және Абденагоны байлап-матап, пешке тастауға әмір етеді. Пештің қатты қызғаны соншалық, бұл күшті кісілер тіпті лаулаған оттың жалынынан өліп те қалады. Ал үш бозбалаға не болды екен?

Патша пешке үңіліп қарайды да, зәресі ұшып:

— Пешке үш кісіні байлап тастамап па едік?— дейді.

— Дәл солай, патшам,— деп жауап береді қызметшілері.

— Бірақ мен алаулаған оттың ортасынан төрт кісіні көріп тұрмын ғой. Олардың қолдары бос әрі оларға оттың жалыны әсер етер емес. Төртіншісі болса құдайға ұқсайды,— деп патшаның есі шығады. Ол пештің аузына кеп:

— Шидрақ! Мишақ! Абденаго! Құдіретті Құдайдың құлдары, шығыңдар!— деп айғайлайды.

Олар шыққан кезде, жұрттың бәрі олардың өрттен еш зиян шекпегенін көреді. Сонда патша былай дейді:

— Өз Құдайынан басқа құдайға табынудан бас тартып, өзге құдайға бас имегендері үшін періштесін жіберіп құтқарып алған Шидрақ, Мишақ және Абденагоның Құдайы мадақталсын!

Ехобаға деген осындай адалдыққа біз де еліктеуіміз керек емес пе?