Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

78-ОҚИҒА

Қолдың қабырғаға жазуы

Қолдың қабырғаға жазуы

МЫНА жерде не болып жатыр? Мына адамдар үлкен қонақасын атқаруда. Бабылдың патшасы мың әкімді қонақ етіп шақырған. Олар Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасынан тоналған алтын, күміс ыдыс-аяқтармен шарап ішіп отыр. Кенет ауада адамның қолы пайда болып, қабырғаға жаза бастайды. Бәрінің зәре-құты қалмайды.

Набуходоносордың немересі Балтасардың патшалық етіп отырған кезі болатын. Ол данышпандарын шақыртуға бұйырады.

— Кімде-кім мына жазуды оқып, мағынасын түсіндіріп берсе,— деп жариялайды патша,— мол сый алады, әрі патшалықтағы үшінші әкім болады.

Бірақ данышпандардың ешқайсысы қабырғадағы жазуды оқи да, мағынасын түсіндіре де алмайды.

Патшаның анасы айғай-шуды естіген соң, үлкен қонақ бөлмеге келеді.

— Өтінем, мұншалықты үрейленбе,— дейді ол патшаға.

— Патшалықта киелі құдайларды білетін адам бар. Сенің атаң Набуходоносор патшалық еткен уақытта оны данышпандардың барлығының үстінен басшы етіп қойған. Оның есімі Даниял. Соны шақырт, ол бәрінің мән-жайын түсіндіріп береді.

Сонымен дереу Даниялды алдыртады. Ол сыйдан бас тартады да, неге Ехобаның бір кездері Балтасардың атасы Набуходоносорды патшалық етуден сырт қалдырғанын айтып береді.

— Ол өте өркөкірек еді,— деп түсіндіреді Даниял.— Сонысы үшін Ехоба оны жазалады.

— Ал сен,— деп Даниял Балтасарға тіл қатады,— Набуходоносормен не болғанын біле тұра, менменсіп кеттің. Сен Ехобаның ғибадатханасынан алынған ыдыс-аяқтармен шарап іштің. Ағаш пен тастан жасалған құдайларды дәріптедің, ал Ұлы Жаратушыны қастерлемедің. Солай еткенің үшін Жаратқан Ие қолға осы сөздерді жаздыртты.

Ал бұл жерде былай деп жазылған,— дейді Даниял,— “МЕНЕ, МЕНЕ, ТЕКЕЛ және УПАРСИН”.

МЕНЕ деген Тәңір сенің патшалық етер күндеріңді есептеп қойғанын әрі оның ақыры келгенін білдіреді. ТЕКЕЛ деген сені таразыға салып өлшеп, ештеңеге жарамсыз деп тапқанын білдіреді. УПАРСИН деген патшалығыңның мидиялықтар мен парсыларға берілетінін білдіреді.

Даниял әлі сөйлеп тұрған уақытта мидиялықтар мен парсылар Бабылға шабуыл жасайды. Олар қаланы жаулап алып, Балтасарды өлтіреді. Осылайша қабырғаға жазылған сөздер сол түні орындалды! Алайда енді исраилдіктер қандай күйге ұшырамақ? Көп кешікпей біз бұл жөнінде білеміз, бірақ алдымен Даниялдың басынан кешкен оқиғасын білейік.