Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

81-ОҚИҒА

Құдайдың көмегіне арқа сүйеді

Құдайдың көмегіне арқа сүйеді

ЕЛУ мыңдай адам Бабылдан Иерусалимге дейінгі ұзақ жолды жүріп өтеді. Бірақ олар келіп жеткенде, Иерусалимнің орнында үлкен үйінді ғана бар болатын. Мұнда ешкім өмір сүрмейтін. Сондықтан олар барлығын қайта соғулары керек еді.

Исраилдіктер ең алдымен Ехобаға сый ретінде малдарды құрбандыққа шалатын арнайы орын дайындайды. Ал бірнеше айдан кейін ғибадатхананы қалпына келтіруге кіріседі. Алайда айналадағы қаскөйлер исраилдіктердің ғибадатхана соққанын қаламайды. Сондықтан құрылысты тоқтату үшін оларды қорқытпақ болады. Ақыр аяғында олар Парсының жаңа патшасын құрылысты доғару туралы заң шығаруға мәжбүр етеді.

Жылдар өтеді. Міне, исраилдіктер Бабылдан оралғаннан бері он жетінші жыл өтуде. Ехоба өзінің пайғамбарлары Нағай мен Зәкәрияны жібереді. Олар халықты құрылысты жалғастыруға шақырады. Халық Құдайдың көмегіне арқа сүйеп, пайғамбарлардың сөздеріне құлақ асады. Заңның тыйым салғанына қарамастан, құрылыс жұмысы қайта басталады.

Сонда Татнай деген парсы әкімі келіп, исраилдіктерден олардың ғибадатхана соғуларына кім рұқсат бергенін сұрайды. Исраилдіктер оған өздері Бабылда болғанда, Кир патшаның: “Кідірместен Иерусалимге барыңдар да, Құдайларың Ехобаға ғибадатхана соғыңдар”,— деп бұйырғанын айтады.

Татнай өмірден әлдеқашан өткен Кирдің осы сөздерді айтқаны рас па, жоқ па, білу үшін Бабылға хат жібереді. Көп ұзамай Парсының жаңа патшасынан жауап келеді. Бұл хатта ол Кирдің бұл сөздерді шындығында да айтқанын растайды. Сосын, патша былай деп бұйырады:

— Исраилдіктер өз Құдайларына ғибадатхана соқсын. Ал сендер оларға көмектесулерің керек.

Шамамен төрт жылдан кейін ғибадатхана соғылып бітеді де, исраилдіктер бұған қатты қуанады.

Көптеген жылдар өтеді. Ғибадатхана соғылып біткеннен бері қырық сегіз жылға жуық уақыт өтеді. Халық Иерусалимде жоқшылықта өмір сүреді. Ал қала мен ғибадатхана болса аса бір жұпыны кейіпте болады. Осы уақытта Бабылда тұратын Езра деген исраилдік кісі Құдайдың ғибадатханасын жөндеу қажет екенін біледі. Оның не істегенін білесің бе?

Езра Парсы патшасы Артаксеркстің алдына барады. Бұл мейірімді патша еді. Иерусалимге ала кету үшін ол Езраға мол сыйлық береді. Езра Бабылда тұратын исраилдіктерден бұл сыйды Иерусалимге жеткізуге көмектесуін өтінеді. Алты мыңға жуық адам баруға ниет білдіреді. Олар өзімен көптеген алтын, күміс және қымбат заттар әкетеді.

Ал енді сапарға шығар алдында Езра қобалжуда, өйткені жолда жаман адамдар көп. Бұл адамдар олардың алтын, күмістерін тартып алып, ал өздерін өлтіріп тастауы мүмкін. Сондықтан ол мына суреттен өзің көріп тұрғандай, халықты түгелдей жинап алады да, осы Иерусалимге барар ұзақ сапар бойы қалқалап, қорғап жүруін өтініп Ехобаға дұға етеді.

Ехоба оларды қорғап жүреді де, төрт ай өткен соң, исраилдіктер аман-есен Иерусалимге келіп жетеді. Бұл оқиға Ехоба өзіне арқа сүйеген адамдарды қорғап жүретінін көрсетеді емес пе?