8-ОҚИҒА
Жер бетіндегі дәулер
ЕГЕР сенің жаныңа бойы үйдің төбесіне дейін жететін адам келсе, не ойлар едің? Міне нағыз дәу! Бір кездері жер бетінде расында да дәулер бар болған. Киелі кітап олардың әкелері аспандағы періштелер екенін көрсетеді. Бірақ бұл қалайша мүмкін болды?
Зұлым періште Шайтанның әрдайым қастық жасап жүргенін есіңе алшы. Керек десең ол Құдайдың періштелеріне де жаман істер істеткісі келді. Уақыт өте келе, кейбір періштелер Шайтанды тыңдай бастады. Олар Құдайға қызмет етуді доғарып, аспанды қалдырып кетті. Бұл періштелер адам кейпіне еніп, жер бетіне түсті. Не үшін олай еткенін білесің бе?
Өйткені Құдайдың ұлдары адамдардың қыздарының әдемі екенін көріп, олармен бірге өмір сүргісі келді деп әңгімелейді Киелі кітап. Сондықтан олар жер бетіне түсіп, сол қыздарға үйленді. Киелі кітап бұл бұрыс қылық болатын дейді, өйткені періштелер аспанда өмір сүру үшін жаратылған.
Бұл періштелерден әйелдерде балалар пайда болғанда, олар басқа адамдарға ұқсамайтын ерекше болды. Бастапқыда бұл ерекшелік байқалмаса керек. Бірақ олар өскен үстіне өсе берді, күшейген үстіне күшейе берді, ақыр аяғында алып болып шыға келді.
Бұл дәулер өте зұлым болды. Бойлары биік әрі күшті болғандықтан, олар адамдарға әрдайым зорлық көресетті. Дәулер барлық адамдарға өздері сияқты зұлымдық жасатқысы келді.
Ол кезде Енох қайтыс болып кеткен болатын, бірақ жер бетінде тағы бір жақсы адам өмір сүрді. Бұл адамның аты Нұх еді. Нұх әрдайым Құдайдың айтқанын орындап жүрді.
Бір күні Құдай Нұхқа жер бетіндегі барлық зұлым адамдарды жоятын уақыттың келгенін, бірақ Нұх пен оның отбасын және көптеген жан-жануарларды аман сақтап қалатынын айтты. Кел, Құдайдың бұл істі қалай жүзеге асырғанын көрейік.