Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ОҚИҒА

Нұхтың кеме соғуы

Нұхтың кеме соғуы

НҰХТЫҢ әйелі мен үш ұлы болатын. Оның ұлдарының есімі Шам, Хам және Япші еді. Үш ұлының да әйелдері бар болатын. Осылайша Нұхтың отбасы сегіз кісіден тұрды.

Бұл жолы Құдай Нұхқа әдеттен тыс бір нәрсе істеуді бұйырды. Құдай оған үлкен кеме соқ деді. Бұл сырт көрінісі сандыққа ұқсайтын өте үлкен кеме болатын. Құдай Нұхқа кемені үш қабатты етіп соқ және ол өзіңнің отбасың үшін, жануарлар мен оларды тамақтандыру үшін жететін азық-түлікке арналған бірнеше бөлмелерден тұрсын деді.

Сондай-ақ Құдай Нұхқа кемені ішіне су кірмейтіндей етіп соқ деп бұйырды. Ол былай деп ескертті: “Мен бүкіл жер бетіне топан су қаптатамын. Кеменің сыртында қалғандардың барлығы жойылады”.

Нұх пен оның ұлдары Ехобаның сөздеріне құлақ асып, кеме соға бастады. Басқа адамдар болса, оларды мазақ етіп күлді. Олар зұлымдықтарынан қайтпады. Құдай не істейтінін айтқанда, Нұхқа ешкім сенбеді.

Кеме өте үлкен болғандықтан, оны соғып бітіру үшін ұзақ уақыт қажет болды. Ақыр аяғында көп жылдар өткен соң, кеме соғылып бітті. Енді Құдай Нұхқа кеменің ішіне жан-жануарларды кіргізуді бұйырды. Құдай кейбір жануарларды бір еркек, бір ұрғашы етіп екі-екіден жұптап кіргіз, ал басқаларын жеті-жетіден ал деді. Сондай-ақ барлық құстардың да түр-түрінен ал деді. Нұх Құдайдың айтқанының барлығын орындады.

Ең соңында кемеге Нұхтың өзі мен оның отбасы кірді. Олардың артынан Құдай есікті жауып қойды. Нұх пен оның отбасы кеменің ішінде күтіп отырды. Олармен бірге сенің де кеменің ішінде күтіп отырғаныңды көз алдыңа елестетіп көрші. Құдай ескерткен топан су шын мәнінде болды ма?