Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

87-ОҚИҒА

Балғын Иса ғибадатханада

Балғын Иса ғибадатханада

ҮЛКЕН адамдармен әңгімелесіп отырған балаға қарашы. Мына адамдар — Иерусалимдегі Жаратқан Иенің ғибадатханасындағы мұғалімдер. Ал бала — Иса. Ол есейіп қалған. Оның жасы он екіде.

Исаның Құдай мен Киелі кітап туралы өте көп білетініне мұғалімдер таң қалуда. Алайда неге бұл жерде Жүсіп пен Мәриям жоқ? Олар қазір қайда? Кел, білейік.

Жүсіп жыл сайын отбасымен бірге Иерусалимге Құтқарылу мейрамына баратын. Назарет қаласы Иерусалимнен шалғай жерде орналасқан. Ешкімде машина да, пойыз да жоқ. Ол кезде машиналар мен пойыздар болмаған да еді. Адамдардың көбісі жаяу жүретін. Иерусалимге дейін жету үшін оларға үш күндей уақыт керек болатын.

Бұл кезде Жүсіптің отбасы үлкен болатын. Сондықтан анағұрлым ұлғайып қалған Исаға қарағанда оның кіші іні-қарындастары әкесінің қамқорлығына көбірек мұқтаж еді. Сонымен Жүсіп пен Мәриям бала-шағасымен шалғайдағы Назареттегі үйлеріне қайтып бара жатыр. Олар Исаны басқалармен бірге келе жатыр деп ойлайды. Олар бір жерге тоқтаған кезде, Иса еш жерде жоқ болып шығады. Ол туған-туыстарының арасында да, тамыр-таныстардың арасында да жоқ! Сондықтан олар Иерусалимге қайта оралып, Исаны іздейді.

Ақырында Исаны мына мұғалімдермен бірге отырған жерінен табады. Ол зер салып тыңдап, әрі сұрақ қойып отыр. Оның даналығына бәрі аң-таң болуда. Ал Мәриям болса одан:

— Балам, бізге неге бұлай істедің? Әкең екеуміз сені қатты алаңдап іздедік қой,— дейді.

— Сіздер мені неге іздедіңіздер?— деп таңырқайды Иса.— Мен Әкемнің үйінде болуым керек қой. Әлде мұны білмейсіздер ме?

Иә, Иса Тәңір туралы көп нәрсе білуге болатын жерде болғанды ұнататын. Бізде де осындай ынта болуы керек емес пе? Иса Назареттегі үйінде жүргенде, апта сайын ғибадат ететін жердегі кездесулерге баратын. Әрқашан зейін қойып тыңдағандықтан ол Киелі кітапты жақсы білетін. Біз де Иса сияқты болғаймыз.