86-ОҚИҒА
Жұлдыздың жетегіндегі адамдар
МЫНА адамдардың бірі қолын созып көрсетіп жатқан жарқыраған жұлдызды көріп тұрсың ба? Олар Иерусалимнен шыққан соң, осы жұлдыз пайда болды. Бұлар күншығыстан келген жұлдыздарды зерттейтін адамдар. Олар мына жаңа жұлдыздың өздерін аса бір ұлы адамға апаратынына сенеді.
Күншығыстан Иерусалимге келіп жеткен соң, олар:
— Яһудилердің жаңа туған Патшасы қайда екен?— деп сұрайды. “Яһудилер” деп сұраған себебі — исраилдіктерді солай да атайды.
— Біз күншығыстан оның жұлдызын көрдік,— дейді бұл адамдар.— Енді оған табынуға келдік.
Бұны естіген Иерусалимнің патшасы Ирод әбігерге түседі. Ол өзінің орнына басқа біреудің патша болғанын қаламайды. Сондықтан діни қызметкерлерді шақырып алып:
— Уәде етілген Патша қай жерде туылу керек?— деп сұрайды.
— Киелі кітапта Бетлехемде делінген,— деп жауап береді олар.
Сонда Ирод күншығыстан келген адамдарды шақыртып алып:
— Барып, нәрестенің жайын жақсылап біліп алыңдар да, оны тапқаннан кейін маған хабар беріңдер. Оған мен де барып табынайын,— дейді. Ал шын мәнінде Ирод нәрестені өлтіру үшін іздейді.
Бұдан кейін жұлдыз бұл адамдарды Бетлехемге жетелеп барады да, нәресте туылған жердің үстіне тоқтайды. Олар үйге кіріп, Мәриям мен кішкентай Исаны көреді де, әкелген сыйларын Исаға тарту етеді. Бірақ бұдан кейін олар түсінде Ехобадан Иродқа қайта бармаңдар деген аян алады да, басқа бір жолмен өз елдеріне қайтып кетеді.
Күншығыстан келген адамдардың қайтып кеткенін білген Иродты ашу кернейді. Ол Бетлехемдегі екі жасқа дейінгі ұл балалардың бәрін өлтіруді бұйырады. Бірақ Ехоба Жүсіпке түсінде аян беріп, алдын ала ескертіп қояды да, ол отбасымен бірге Мысырға қашып кетеді. Кейінірек Ирод патша өлгеннен кейін, Жүсіп Мәриям мен Исаны алып, Назареттегі үйіне оралады. Исаның жастық шағы сол жерде өтеді.
Қалай ойлайсың, жұлдызды жаққан кім? Есіңе алшы, жұлдызды көрген соң, бұл адамдар алдымен Иерусалимге барады. Шайтан Ібіліс Құдайдың Ұлын өлтіргісі келді, әрі ол Иерусалимнің патшасы Иродтың да нәрестені өлтіргісі келетінін білді. Сондықтан жұлдызды жаққан — Шайтанның дәл өзі.