Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

98-ОҚИҒА

Зәйтүн тауының басында

Зәйтүн тауының басында

БҰЛ — Иса, қазір ол Зәйтүн тауының басында. Оның жанында төрт елшісі отыр. Олар Петір мен Әндір және Жақып пен Жохан деген ағайындылар. Алыста Иерусалимдегі Құдайдың ғибадатханасы көрініп тұр.

Исаның тайқарға мініп, Иерусалимге салтанатпен кіргенінен бері екі күн өтті. Бүгін сейсенбі. Иса ғибадатханада болып та қайтты. Ол жерде оны діни қызметкерлер ұстап алып, өлтіргілері келген еді. Алайда олар Исаны жақсы көретін халықтан қорықты.

Иса діни қызметкерлерге:

— Сендер жылансыңдар, жыланның тұқымысыңдар!— дейді. Сонымен қатар Иса оларды зұлым істері үшін Құдайдың жазалайтынын да айтады. Сосын, ол Зәйтүн тауына шығады. Сол жерде оған төрт елшісі сұрақ қоя бастайды. Олардың не жөнінде сұрағанын білесің бе?

Болашақ жөнінде. Олар Исаның жер бетін зұлымдықтан тазартатынын біледі. Алайда олар бұның қашан болатынын білгісі келеді. Иса қашан қайта оралып, Патша ретінде билік етеді?

Иса өзінің қайта оралғанын жердегі ізбасарлары көрмейтінін біледі. Өйткені ол көкте болады, ал көктегі Исаны көру мүмкін емес. Сондықтан өзі Патша ретінде билік еткенде, жер бетінде қандай оқиғалардың болатынын елшілеріне әңгімелеп береді. Бұл қандай оқиғалар болды екен?

Иса үлкен соғыстардың болатынын, көптеген адамдардың ауыратынын, ашығатынын және зорлық-зомбылықтың көбейіп кететінін, сондай-ақ үлкен жер сілкіністер болатынын пайғамбарлық етеді. Сонымен қатар дүние жүзінде осы Құдай Патшалығы туралы ізгі хабардың уағыздалатынын да Иса алдын ала айтады. Осы оқиғалар қазір болып жатыр ма? Әрине! Сол себепті біз Исаның көкте билік етіп отырғанына сенімді бола аламыз. Жақында ол жер бетіндегі зұлымдықтың бәрін жояды.