Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

97-ОҚИҒА

Исаның патша ретінде салтанатпен кіруі

Исаның патша ретінде салтанатпен кіруі

ЖОЛДЫҢ шетінде қайыр сұрап отыратын екі соқырдың көзін ашқаннан кейін көп ұзамай Иса Иерусалимге жақын орналасқан бір кішкентай ауылға келеді. Сосын, ол екі шәкіртіне: “Ауылға барсаңдар, арқандаулы тұрған бір тайқарды көресіңдер. Оны шешіп маған әкеліңдерші”,— дейді.

Тайқарды алып келген кезде, Иса оған мініп алады да, Иерусалимге қарай бет алады. Қала алдында Исаны үлкен топ қарсы алады. Жұрттың көбісі шапандарын шешіп жолға төсесе, басқалары пальма ағашының бұтақтарын кесіп алып, жолға төсеп жатып:

— Ехобаның атынан келе жатқан Патшаны Жаратқан Иенің Өзі жарылқасын!— деп шаттана дауыстайды.

Ежелгі заманнан бері келе жатқан дәстүр бар болатын: халыққа өзін көрсеткісі келген жаңа тағайындалған патша Иерусалимге тайқарға мініп салтанатпен кіретін. Иса қазір дәл солай етуде. Ал халық болса Исаның Патша болғанын қалайтындығын көрсетуде. Бірақ бұны барлығы қаламайды. Біз бұны ғибадатханада болған жайттан білеміз.

Иса ғибадатханаға келіп зағиптар мен мүгедектерді емдейді. Бұны көрген балалар қатты дауыстап Исаны мадақтай жөнеледі. Ал діни қызметкерлерді ашу кернейді де, Исадан:

— Балалардың не деп айғайлап жатқанын естіп тұрсың ба?— деп сұрайды.

— Әрине, естіп тұрмын,— деп жауап береді Иса.— Әлде сендер “сәбилердің аузынан Құдай мақтау айтқызады” дегенді Киелі кітаптан оқымадыңдар ма?

Балалар болса Құдай тағайындаған Патшаны мадақтауды жалғастыра береді.

Біздің де осы балаларға ұқсағымыз келеді емес пе? Кейбір адамдар Құдай Патшалығы туралы айтуымызға кедергі жасайтын болар. Бірақ Исаның болашақта адамдарға істейтін тамаша істері жайында басқаларға айтуды жалғастыра беретін болсақ, абзал іс істегеніміз.

Иса жер бетінде болған кезде, оның Патша ретінде билік ететін мезгілі әлі келмеген еді. Бұл мезгіл қашан келер екен? Бұны Исаның шәкірттері де білгісі келген еді. Бұл жайлы біз келесі тараудан оқимыз.