Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

91-ОҚИҒА

Исаның таудағы тәлімі

Исаның таудағы тәлімі

ИСАҒА қарашы. Ол қазір Ғалилея тауларының бірінде адамдарға тәлім беріп отыр. Оған басқалардан жақынырақ отырған өзінің шәкірттері. Иса олардың он екісін елші етіп таңдап алған. Елшілер — Исаның ерекше шәкірттері. Олардың есімдерін білесің бе?

Шимон Петір, ал оның інісі — Әндір. Тағы екі ағайынды елшінің есімдері Жақып пен Жохан. Жақып және Шимон деген тағы да екі елші бар. Бұдан кейінгі екеуі аттас. Олардың есімі Яһуда. Бірі — Яһуда Исқариот, екіншісі — Яһуда Тадей. Қалған елшілердің есімдері Філіп, Натанайыл (Барталмай деп те атайды), Матай және Тома.

Самариядан келген соң, Иса: “Аспан Патшалығы жақын”,— деп алғаш рет уағыз айтады. Патшалық деген не екенін білесің бе? Бұл — Құдайдың үкіметі. Ал Иса — осы үкіметтің Патшасы. Иса көктен билік етіп, жер бетінде бейбітшілік орнатады. Құдай Патшалығы орнаған уақытта жер беті тамаша жұмаққа айналады.

Қазір Иса адамдарға Патшалық жөнінде тәлім беріп жатыр.

— Сендер былай деп дұға етулерің керек,— деп түсіндіруде ол.— Көктегі әкеміз, сенің атың киелі бола берсін. Сенің Патшалығың келсін. Сенің еркің көкте қалай орындалса, жерде де солай орындала берсін.

Адамдардың көпшілігі бұл дұғаны “Иеміздің дұғасы” деп те атайды. Ал басқалары “Көктегі әкеміз” деп атайды. Сен осы дұғаны қайталап айтып шыға аласың ба?

Сондай-ақ Иса халыққа бір-бірінің арасындағы қарым-қатынас туралы да тәлім береді. “Әр нәрседе сендерге адамдар қалай етсін десеңдер, өздерің де оларға солай етіңдер”. Саған өзгелердің жақсылық жасағаны ұнайды ғой, солай емес пе? Сондықтан Иса бізді өзгелерге жақсылық жасауға үйретеді. Жер бетіндегі жұмақта әрбір адам өзгеге жақсылық жасайтын болады. Осындай ортада өмір сүру ғажап емес пе?