Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

101-ОҚИҒА

Исаның өлімі

Исаның өлімі

МЫНА сұмдық нәрсеге қарашы! Исаны өлім жазасына кесіп, қол-аяғын бөренеге шегелеп қойыпты. Алайда оны шегелеткен кім болды екен?

Исаны жек көретін әлдекімдер бар. Кімдер екенін білесің бе? Олардың бірі — Шайтан Ібіліс. Адам мен Хауаны Ехобаға мойынсұнбауға еліктірген сол болатын. Исаның дұшпандарын осындай сұмдық қылмысқа түрткілеп отырған да сол.

Исаны бөренеге шегелемес бұрын, дұшпандары оны қорлайды. Олардың Гетсимани бағында Исаны тұтқындап алып кеткені есіңде ме? Бұл дұшпандар кім еді? Иә, дінбасылары болатын. Кел, бұдан кейін не болғанын білейік.

Дінбасылары Исаны тұтқындағанда, елшілері жан-жаққа қашып кетеді. Олар қорқып, Исаны дұшпандарының арасында жалғыз қалдырады. Тек Петір мен Жохан елші ғана жақындау жерде болады. Олар енді Исаға не істейтінін білу үшін оның артынан ілесіп отырады.

Исаны бұрын бас діни қызметкер болған Аннас деген егде кісіге әкеледі. Бірақ олар бұл жерде ұзақ кідірмейді. Бұдан кейін Исаны сол уақытта бас діни қызметкер болып отырған Қаяфаға әкеледі. Оның үйіне көптеген дінбасылары жиналады.

Осы жерде, Қаяфаның үйінде, Исаны соттайды. Осында Иса жөнінде жалған куәлік ететін адамдарды әкеледі. Дінбасылары бір ауыздан: “Иса өлтірілсін”,— деп талап етеді. Сосын, оның бетіне түкіріп, жұдырықтап ұрады.

Бұл кезде Петір аулада болады. Түн суық болғандықтан, адамдар от жағады. Олар отты айнала жылынып отырғанда, бір малай әйел Петірге қарап:

— Мынау да Исамен бірге болған,— дейді.

— Жоқ, мен онымен болған жоқпын,— деп жауап береді ол.

Петірге үш рет оның Исамен бірге болғаны айтылады. Бірақ үшеуінде де ол мойындамайды. Ал үшінші рет бас тартқан уақытта, Иса бұрылып Петірге қарайды. Петір өтірік айтқанына жаны күйзеліп, сыртқа шығады да, қатты жылайды.

Жұма күні таңертең діни қызметкерлер Исаны жоғарғы кеңеске, яғни өздері жиналыс өткізетін үлкен бөлмеге, әкеледі. Бұл жерде олар Исаға енді не істеу керек екенін ортаға салып кеңеседі. Сосын, оны Яһудея аймағында әмірлік етіп отырған Понти Пилатқа әкеледі.

— Бұл — оңбаған адам,— дейді діни қызметкерлер Пилатқа.— Оны өлім жазасына кесу керек.

Пилат Исадан қысқаша жауап алғаннан кейін:

— Мен бұл адамнан ешқандай жамандық таппадым,— деп таңырқайды. Сөйтеді де, ол Исаны Ирод Антипасқа жөнелтеді. Ирод Ғалилея аймағының әміршісі болғанымен, қазір Иерусалимде болатын. Ирод та Исадан ешқандай кінә таппай, қайтадан Пилатқа жібереді.

Пилат Исаны босатып жібергісі келеді. Алайда дұшпандары Исаның орнына басқа бір тұтқынды — қарақшы Бараббаны — босатқанын қалайды. Уақыт тал түске таяп қалған кезде, Пилат Исаны халықтың алдына алып шығады.

— Қараңдар! Мынау — сендердің Патшаларың!— дейді ол. Бірақ діни қызметкерлер:

— Әкет оны! Өлтір оны! Өлтір!— деп айғайлайды. Сонда Пилат Бараббаны босатады да, Исаны өлтіруге алып кетеді.

Жұма күні күндіз Исаны бөренеге шегелейді. Оның екі жағында да өлім жазасына кесілген екі қарақшы бөренеге шегеленген еді. Олар мына суретте көрінбей тұр. Исаның дәл өлер шағында жанындағы қарақшылардың бірі:

— Патшалығыңа кіргенде, мені есіңе ала гөр,— деп өтінеді.

— Менімен бірге жұмақта боласың деп уәде етемін,— деп жауап береді Иса.

Бұл ғажап уәде емес пе? Исаның қандай жұмақ жайлы айтқанын білесің бе? Ең алғашында Құдай жаратқан жұмақ қайда еді? Иә, жерде болатын. Иса көкте билік еткен кезде, бұл адамды жер бетінде жаңадан орнаған жұмақта бақытты өмір сүруі үшін қайта тірілтеді. Біз бұған қуаныштымыз ғой, солай ма?