94-ОҚИҒА
Ол кішкентай балаларды жақсы көреді
ИСАНЫҢ мына кішкентай баланы құшағына алып тұрғанына қарашы. Исаның балаларға деген нағыз қамқорлығы байқалады. Бұған қарап тұрған кісілер — оның елшілері. Қазір Иса оларға не айтып жатыр екен? Кел, білейік.
Иса мен оның елшілері қазір ғана ұзақ сапардан келді. Жол-жөнекей елшілердің арасында дау туады. Сондықтан олар келіп жеткен соң, Иса олардан:
— Жол-жөнекей сендер не жөнінде дауластыңдар?— деп сұрайды. Шындығында Иса олардың не жөнінде дауласқанын білетін. Бірақ олар шынын айта ма, жоқ па, соны білгісі кеп сұрайды.
Елшілер жауап қатпайды, өйткені жол үстінде олар кімнің үлкенірек екендігіне қатысты дауласқан болатын. Елшілердің кейбіреулері қалғандарынан маңыздырақ болғысы келеді. Үлкенірек болуды қалау дұрыс емес екенін Иса қалай түсіндірді екен?
Ол кішкентай баланы шақырып алып, елшілердің қарсы алдына қояды. Сосын, оларға бұрылып:
— Сендер жақсылап түсініп алса екен деймін. Егер теріс жолдарыңнан қайтып, балалар сияқты болмасаңдар, Құдай Патшалығына ешқашан кірмейсіңдер. Кімде-кім өзін осы бала сияқты кіші тұтса, Патшалықта сол ең үлкені болады,— дейді. Исаның неге бұлай дегенін білесің бе?
Әдетте кішкентай бөбектер өздері басқаларға қарағанда үлкен бе әлде беделді ме, ол жағын ойламайды да. Сондықтан елшілер балалардан үлгі алып, кімнің басқаларға қарағанда үлкен немесе беделді екені үшін дауласпаулары керек.
Иса, шынында да, кішкентай балалардың қамын ойлайтынын тағы да әлденеше рет көрсетеді. Бірнеше ай өткен соң, кейбір адамдар балаларын Исаға әкеледі. Елшілері болса оларды Исаға жібермей қояды. Бірақ Иса елшілеріне:
— Балаларды маған жіберіңдер. Оларға кедергі жасамаңдар, өйткені Құдай Патшалығына осылар сияқты болғандар ие болады,— дейді. Сосын, оларды құшағына алып, батасын береді. Исаның балаларды жақсы көретінін білген қандай қуанышты, солай емес пе?