90-ОҚИҒА
Құдық басындағы әйел
САМАРИЯДА Иса демалу үшін құдық басына тоқтайды. Ал шәкірттері қалаға тамақ әкелуге кеткен еді. Сол екі арада Иса су алуға келген әйелмен сөйлеседі. Иса одан:
— Маған ішетін су берші,— деп сұрайды.
Әйел қатты таңырқайды. Неге екенін білесің бе? Өйткені Иса — яһуди, ал ол — самариялық әйел. Яһудилердің көпшілігі самариялықтарды жек көреді. Тіпті олармен сөйлеспейді де! Бірақ Иса барлық адамдарды жақсы көреді. Сондықтан ол былай дейді:
— Сенен су сұраған кім екенін білсең, оның өзінен су сұрар едің, сонда ол саған өмір суын берер еді.
— Мырза,— деп таң қалады әйел,— құдық терең ғой, ал сіздің су алатын ыдысыңыз да жоқ. Онда сол өмір суын қайдан аласыз?
— Егер мына құдықтың суынан ішсең, сен тағы да шөлдейсің,— деп түсіндіреді Иса.— Ал мен беретін су адамға мәңгі өмір береді.
— Мырза,— деп өтініш етеді әйел,— маған сол судан беріңізші! Сонда мен ешқашан шөлдемеймін. Су алу үшін осында келе бермеймін де.
Бұл әйел Иса кәдімгі су туралы айтып тұр екен деп ойлап қалады. Бірақ Иса Құдай мен оның Патшалығы туралы ақиқат жөнінде айтқан еді. Бұл ақиқат өмір беретін су сияқты адамға мәңгі өмір бере алады.
Сонда Иса бұл әйелге:
— Барып, күйеуіңді ертіп кел,— дейді.
— Күйеуім жоқ,— деп мойындайды әйел.
— Сен шыныңды айттың,— дейді Иса оған.— Сенің бес күйеуің болған, ал қазіргің — күйеуің емес.
Әйел аң-таң болады, өйткені бұның бәрі рас еді. Алайда Иса бұны қайдан білді? Иә, Иса Құдайдың Уәде етілген өкілі болғандықтан, бұл мәліметті оған Құдай береді. Осы уақытта Исаның шәкірттері қайта оралады да, оның самариялық әйелмен сөйлесіп отырғанын көріп таң қалады.
Біз бұдан қандай сабақ ала аламыз? Бұл оқиғадан Исаның барлық нәсілдің адамдарына жылы шыраймен қарағанын көріп отырмыз. Біз де солай етуіміз керек. Ешкімді белгілі бір нәсілге жатқандығына бола жаман деп есептемеуіміз керек. Иса барлық адамдардың мәңгі өмірге алып баратын ақиқатты білгенін қалайды. Біздің де басқа адамдарды ақиқатқа үйретуге деген ынтамыз болуы керек.