Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

111-ОҚИҒА

Бір жас жігіттің ұйықтап кетуі

Бір жас жігіттің ұйықтап кетуі

ОЙ! Мұнда не болып жатыр? Неге мына жас жігіт жерде жатыр? Ол қатты зақымданса керек? Қарашы, басқалармен бірге үйден Пауыл да жүгіріп шығыпты! Олардың арасынан Тімотені де көріп тұрсың ба? Мына жігіт шынымен-ақ терезеден құлап түскен бе?

Иә, дәл солай болды. Осы жерде, Трояда, Пауыл шәкірттермен пікірлесуде еді. Келесі күні кемеге отырып, жүзіп кетуі керек болғандықтан, ол енді оларды ұзақ уақыт бойы қайта көре алмайтындығын білді. Сондықтан Пауыл олармен түн жарымына дейін әңгімелесуде еді.

Еутіх болса, мына жігіттің есімі солай еді, терезенің алдында отырып ұйықтап кетеді. Сосын, ол теңселіп кетіп, үшінші қабаттағы терезеден жерге құлап түседі! Адамдардың неге шошып кеткені енді саған түсінікті болар. Олар жігітті жерден көтеріп алғанда, дәл сол, өздері қорқа күткен нәрсені көреді. Ол өліп қалыпты!

Сонда Пауыл жігіттің үстіне жата қалып, оны құшақтайды. Осыдан кейін ол адамдардың көңілін орнықтырып: “Уайымдамаңдар. Бәрі де жақсы болады!”— дейді. Бұнысы рас еді! Өйткені таңғажайып бір нәрсе болды! Пауыл оны қайта тірілтіп жіберді! Бәрінің қуанышында шек жоқ.

Бәрі қайтадан үйге көтеріліп, тамақ ішеді. Пауыл олармен таң атқанша әңгімелеседі. Ал Еутіхтің енді тіптен ұйқысы да келмеді! Бұдан кейін Пауыл, Тімоте және олардың басқа да серіктері кемеге отырады. Енді олардың қай жаққа бет алатынын білесің бе?

Қазір ғана Пауылдың үшінші миссионерлік сапары аяқталды. Енді ол үйіне қайтып бара жатыр. Үшінші сапарында Пауыл тек Ефестің өзінде үш жыл болады. Сондықтан бұл сапар екінші сапарға қарағанда әлдеқайда ұзағырақ еді.

Кеме Троядан шыққан соң, аз уақытқа Мілитке тоқтайды. Ефес қаласы небары бірнеше шақырым жерде болғандықтан, Ефес қауымының қарияларымен соңғы рет пікірлесіп қалу үшін Пауыл олардың Мілитке келуін өтінеді. Айырылысар шақ келгенде, олар қандай мұңға батады десеңші!

Ақыр аяғында кеме Кесарияға келіп жетеді. Пауыл Філіп деген шәкірттің үйіне түседі де, сол жерде Агаб есімді пайғамбар оған бір ескерту айтады. Ол Пауылды Иерусалимде түрмеге жабатынын алдын ала болжайды және дәл солай болып шығады да. Екі жыл түрмеде отырғаннан кейін, Пауылды Рим билеушісі императордың сотымен соттау үшін Римге жөнелтеді. Кел, Римге бара жатқан жолдағы Пауылдың басынан кешкен оқиғасын білейік.