Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

108-ОҚИҒА

Дамаскіге барар жолда

Дамаскіге барар жолда

ЖЕРДЕ жатқан кісінің кім екенін білесің бе? Бұл — Саул. Есіңде ме, бұл адам Степанды таспен ұрып өлтірген кісілердің шапандарын күзетіп тұрып еді ғой. Қарашы, қандай көз қарықтырар нұрлы сәуле! Бұл не болды екен?

Степан өлгеннен кейін, Саул Исаның ізбасарларын қуғындап, азаптаушылардың басшысы болады. Ол үйден-үйге кіріп жүріп, мәсіхшілерді сүйрелеп шығып, түрмелерге жаптыратын. Сондықтан шәкірттердің көпшілігі басқа қалаларға қашып кетіп, сол жақта “ізгі хабарды” жариялап жүреді. Алайда Саул оларды басқа қалаларға да барып қуғындайды. Қазір ол Дамаскіге бара жатыр. Бірақ жол үстінде кенет бір ғажайып нәрсе болады.

Кенет Саулға көктен бір нұр көз қарықтырардай сәулесін төгіп жібереді. Өзің көріп тұрғандай, Саул жерге құлай кетеді. Бұдан кейін:

— Саул! Саул! Мені неге қудалайсың?— деген дауыс естіледі. Саулдың серіктері де сәулені көреді, әрі дауысты да естиді, бірақ олар дауыстың не айтып жатқанын түсінбейді.

— Сен кімсің, Ием?— деп сұрайды Саул.

— Мен сен қудалап жүрген Исамын,— деп жауап береді дауыс. Исаның бұлай деп жауап берген себебі — ізбасарларын қуғындағанда, оның өзін қуғындағандай жаны ауырады.

Саул енді:

— Ием, мен не істеуім керек?— деп сұрайды.

— Орныңнан тұр да, Дамаскіге бар,— деп бұйырады Иса оған.— Не істеу керек екенің саған сол жерде айтылады.

Саул түрегеліп, көзін ашады, бірақ ешнәрсе көре алмайды. Ол соқыр болып қалады! Сондықтан оны Дамаскіге дейін серіктері қолынан ұстап, жетелеп барады.

Бұдан кейін Иса Дамаскіде тұратын бір ізбасарына былай деп бұйырады: “Анани, тұр да, Түзу даңғыл деп аталатын көшеге бар. Сол жерде Яһуданың үйінен Саул деген кісіні сұра. Мен оны өзіме ерекше қызметкер етіп таңдап алдым”.

Анани дәл солай етеді. Ол Саулды тауып алған соң, оның үстіне қолын қойып тұрып:

— Иеміз сенің көзің қайтадан көрсін, сен киелі рухқа кенелсін деп мені жіберді,— дейді. Сол сәтте-ақ оның көзінен перде алынғандай қайта көре бастайды.

Саул әр түрлі ұлттардың адамдарына өте көп уағыз айтады. Енді ол елші Паул ретінде белгілі болады. Біз ол туралы кейінгі тараулардан көп нәрсе білетін боламыз. Бірақ алдымен Жаратқан Ие Петірді қандай іске жібергенін білейік.