102-ОҚИҒА
Иса тірі
МЫНА әйел мен екі кісінің кім екенін білесің бе? Бұл Исаны жақсы білетіндердің бірі — Мағдалалық Мәриям. Ал ақ киімді кісілер — періштелер. Мәриям Исаның сүйегі қойылған кішкентай бөлмеге үңіліп тұр. Бұл бөлме қабір деп аталады. Алайда Исаның денесі бұл жерде жоқ! Оны кім алып кетті? Кел, білейік.
Иса өлген кезде, діни қызметкерлер Пилатқа:
— Иса тірі кезінде, үш күннен кейін қайта тірілетінін пайғамбарлық еткен еді. Сондықтан шәкірттері оның денесін ұрлап алып, оны қайта тірілді деп жарияламас үшін, қабірді күзетуге бұйрық берші,— дейді. Пилат діни қызметкерлерге қабірді күзетуге сарбаздар жіберуді бұйырады.
Бірақ Исаның өлгеніне үш күн болғанда, таң атысымен, кенет Ехобаның періштесі пайда болады. Ол қабірдің аузындағы тасты ашады. Сарбаздардың қорыққандары соншалық, тұрған орындарында сілейіп қатып қалады. Ал қабірдің ішіне үңілген кездерінде, Исаның сүйегі жоқ болып шығады! Сарбаздардың бірнешеуі болған жайды діни қызметкерлерге жеткізу үшін қалаға қарай жүгіре жөнеледі. Қалай ойлайсың, зұлым діни қызметкерлер енді не істейді? Лақап сөз тарату үшін олар сарбаздарға ақша береді.
— “Түнде біз ұйықтап қалған кезде, шәкірттері келіп, оның денесін ұрлап алып кетті” деп айтыңдар,— дейді оларға діни қызметкерлер.
Осы уақытта Исаны жақсы танитын әйелдер қабірге келеді. Оның іші бос екенін көрген олар таң қалады! Кенеттен нұр шашқан киімі бар екі періште пайда болады.
— Неге Исаны бұл жерден іздеп жүрсіңдер?— дейді олар.— Ол қайта тірілген. Тезірек шәкірттеріне барып хабарлаңдар.
Әйелдер құстай ұшып келеді! Бірақ оларды жолда бір адам тоқтатады. Кім екенін білесің бе? Иса!
— Барып, шәкірттеріме хабарлаңдар,— дейді ол.
Алайда әйелдер оның шәкірттеріне Исаның тірі екенін, өздерінің оны көргенін айтқанда, оларға бұл сөздерге сену қиын болады. Сондықтан Петір мен Жохан өз көздерімен көру үшін қабірге қарай жүгіріп кетеді. Қараса, қабір бос! Петір мен Жохан кетіп қалады, ал Мағдалалық Мәриям болса сонда қалады. Ол қабірге үңіліп қарайды да, екі періштені көреді.
Исаның денесі қайда екенін білесің бе? Құдай оны жоқ қылып жібереді. Ал Исаны өлген кездегі тәндік денесінде емес, басқа денеде қайта тірілтеді. Құдай оған көктегі періштелердікіндей рухани дене береді. Біз бұдан кейін Иса өзінің тірі екенін дәлелдеу үшін, шәкірттеріне адам көзі көре алатын тәндік денеде көрінгенін оқимыз.