Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

110-ОҚИҒА

Тімоте — Пауылдың жаңа көмекшісі

Тімоте — Пауылдың жаңа көмекшісі

ПАУЫЛДЫҢ жанында Тімоте деген жас жігіт тұр. Ол ата-анасымен Лүстрада тұрады. Оның анасының есімі Әунике, ал әжесі — Лойда.

Паул осымен үшінші рет Лүстраға келіп табан тіреді. Шамамен бір жыл бұрын Пауыл Барнабамен миссионерлік сапарға шыққанда, осы қалаға алғаш рет келген болатын. Пауылдың ендігі сапарындағы серіктесі — Сыйлас.

Пауылдың Тімотеге қандай ұсыныс жасап жатқанын білесің бе? “Сыйлас екеумізбен бірге барғың келе ме?— деп сұрайды Пауыл Тімотеден.— Сен бізге шалғайдағы елдерде тұратын адамдарға уағыз айтуға көмектесесің”.

— Иә,— деп жауап береді Тімоте.— Мен сендермен бірге барғым келеді.

Сосын, көп кешікпей ол туған-туысқандарын қалдырып, Пауыл мен Сыйласқа еріп, жолға шығады. Бірақ біз олардың сапары туралы білмес бұрын, Пауылдың бұған дейін басынан кешірген оқиғаларын білейік. Дамаскіде Исаның Пауылға көрінгенінен бері, шамамен он жеті жыл өтті.

Ол Исаның шәкірттерін қудалау үшін Дамаскіге бет алып бара жатқан еді ғой, есіңе алшы. Ал енді Пауылдың өзі Исаның шәкірті! Кейінірек кейбір қаскөй адамдар Пауылдың Иса туралы тәлім бергенін ұнатпай, оны өлтіргілері келеді. Бірақ шәкірттер оның қашып кетуіне көмектеседі. Олар Пауылды кәрзеңкеге салып, қаланы қоршаған дуалдан төмен түсіріп жібереді.

Бұдан кейін Пауыл Исаның жолын қуушылар алғаш рет мәсіхшілер деп атала бастаған Антақия деген қалаға уағыздауға барады. Сосын, Пауыл мен Барнабаны Антақия қаласынан шалғайдағы елдерге миссионерлік сапарға жібереді. Олар болған қалалардың бірі — Тімоте тұратын Лүстра.

Енді, міне, шамамен бір жыл өткен соң, өзінің екінші миссионерлік сапарында Пауыл тағы да Лүстраға келді. Пауыл мен Сыйлас және оларға ерген Тімотенің қай жаққа бет алғанын білесің бе? Кел, мына суретке қарап, кейбір жерлермен танысайық.

Алдымен олар Лүстраның жанында орналасқан Қония қаласына барады. Бұдан кейін Антақия деп аталатын екінші қалаға аттанады. Сосын, олар Троаяға дейін көтеріледі. Одан шығып, Філіпі, Салониқа мен Береяға тартады. Картадан Афины қаласын көріп тұрсың ба? Пауыл осы қалада да уағыз айтады. Бұдан кейін олар бір жарым жыл бойы Қорынтта уағыздайды. Сапарларының соңында олар азғана уақытқа Ефеске тоқтайды. Сосын, олар кемеге мініп Кесарияға келеді де, ол жерден Антақияға қарай жүреді, ал Пауыл сол жерде қалады.

Тімоте осылайша Пауылмен бірге жүздеген шақырымдар жүріп отырып, оған “ізгі хабарды” уағыздауға және мәсіхшілердің көптеген жаңа қауымдарының негізін қалауға көмектеседі. Өскен соң, сен де Тімоте сияқты Құдайдың адал қызметкері боласың ба?