Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

63-ОҚИҒА

Дана патша Сүлеймен

Дана патша Сүлеймен

СҮЛЕЙМЕН патша тағына бозбала шағында отырды. Ол Ехобаны жақсы көрді, әрі әкесі Дәуіт өсиет еткен ақ жолмен жүрді. Ехобаның Сүлейменге мейірі түсіп, бір күні түнде оған аян беріп, былай деді:

— Сүлеймен, менен не қалайсың, сұра?

Сонда ол:

— Тәңірім Ехоба, мен өте жаспын әрі қалай басшылық етуді де білмеймін. Сондықтан сенің халқыңа дұрыс басшылық ету үшін өзіңнен даналық сұраймын,— деп жауап береді.

Ехоба Сүлейменнің берген жауабына риза болады. Сол себепті ол:

— Менен өзіңе ұзақ өмір де, байлық та емес, даналық сұрағаның үшін, Мен саған бұрын-соңды ешбір адамда болмаған мол даналық беремін. Оның үстіне, сен сұрамаған байлық пен даңқты қоса беремін,— дейді.

Бұдан кейін шамалы ғана уақыт өткен соң, бір даулы мәселемен Сүлейменге екі әйел келеді.

— Мына әйел екеуміз бір үйде тұрамыз,— дейді олардың бірі.— Мен ұл тудым, ал екі күннен кейін ол да ұл тапты. Содан бір күні түнде оның баласы өліп қалды. Бірақ мен ұйықтап жатқанда, ол өзінің өлі баласын менің жаныма жатқызып, менің баламмен ауыстырып қойыпты. Оянған кезімде жанымда өлі бала жатыр. Қарасам,— ол менің балам емес.

Екіншісі болса:

— Жоқ! Тірі бала менікі, өлі бала онікі!— дейді. Алғашқы әйел:

— Жоқ! Өлі бала бұнікі, тірі бала менікі!— деп жауап береді. Әйелдер осылай ұзақ дауласады. Сүлейменнің не істегенін білесің бе?

Нөкерлерінің бірін семсерге жұмсады да, семсер әкелінген соң:

— Мына тірі баланы екіге бөліп, әйелдердің әрқайсына жарты-жартыдан беріңдер,— деді.

— Жоқ!— деп баланың нағыз анасының жан даусы шықты.— Өтінем, баланы өлтірмеңіз. Одан да мына әйелге беріңіз.

Ал екінші әйел болса:

— Маған да жоқ, саған да жоқ: Шапса, шапсын,— дейді.

Ақыр аяғында Сүлеймен:

— Өлтірме баланы! Оны бірінші әйелге бер. Ол оның нағыз анасы,— дейді. Сүлейменнің бұлай жауап берген себебі — ол нағыз ананың баласына деген зор сүйіспеншілігі болатынын және баласы тек аман болса екен дегендіктен, оны басқа әйелге беруге де даяр екенін білетін. Бұл шиеленіскен мәселені Сүлейменнің қалай шешкенін естіген халық осындай дана патшалары барына қуанды.

Сүлеймен патшалық етіп отырған уақытта Жаратқан Ие халыққа батасын беріп, бидай мен арпа, жүзім мен інжір және басқа да жемістер мол болды. Адамдар әсем киімдер киіп, сәулетті үйлерде өмір сүрді. Барлығы үшін барлық нәрсе мол болған заман болды.