Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

62-ОҚИҒА

Дәуіттің үйіндегі бақытсыздық

Дәуіттің үйіндегі бақытсыздық

ДӘУІТ Иерусалимде билік етуін бастағаннан кейін, жауларымен шайқасқанда, Ехоба оны көп жеңіске жеткізеді. Ехоба исраилдіктерге Қанахан жерін беруді уәде еткен болатын. Енді, міне, Ехобаның көмегімен бүкіл Қанахан жері исраилдіктердің иелігінде.

Дәуіт жақсы патша. Ол Ехобаны жақсы көреді. Сондықтан ол ең алдымен Ехобаның келісім сандығын Иерусалимге алдыртады. Сонымен қатар ол келісім сандығы үшін ғибадатхана салуды да ниет етеді.

Алайда біраз жылдар өткен соң, Дәуіт үлкен қателік жасайды. Дәуіт өзгенің иелігіндегі нәрсені алуға болмайтынын білетін. Бірақ бір күні кешке ол сарайынан төмен қарап тұрады да, өте сұлу бір әйелді көреді. Әйелдің есімі Барсабия, ал оның күйеуі Ұрия Дәуіттің сарбаздарының бірі болатын.

Дәуіт Барсабияға қатты құмартып, патша сарайына алдырады. Бұл кезде оның күйеуі шалғайдағы майданда жүр еді. Сонымен Дәуіт Барсабиямен жақындасады да, кейінірек Барсабия аяғының ауыр болып қалғанын біледі. Дәуіт әбден әбігерге түседі. Сосын, ол әскерінің қолбасшысы Жоғабқа тілхат жазып, Ұрия қаза болу үшін оны шайқастың ең қызып тұрған жеріне қойдырады. Ұрия өлген соң, Дәуіт Барсабияға үйленеді.

Бұл ісі үшін Ехоба Дәуітке қатты ашуланады. Сондықтан оның күнәсін ашу үшін, Ехоба өзінің қызметшісі Натанды Дәуітке жібереді. Сен мына суреттен Натанның Дәуіттің айыбын ашып жатқанын көріп тұрсың. Жасаған ісі үшін әбден өкініп, тәубаға келгені үшін Ехоба Дәуітті аман қалдырады. Бірақ Ехоба:

— Сен осындай жаман қылық істегенің үшін, отбасың көптеген бақытсыздықтарға ұшырайды,— дейді. Расында да, Дәуіт қаншама бақытсыздықтарды басынан кешірді десеңші!

Алдымен Барсабияның баласы шетінейді. Сосын, оның тұңғыш ұлы Амнон қарындасы Тамармен жалғыз қалып, оны зорлайды. Дәуіттің ұлы Абессалом бұған ашуланып, Амнонды өлтіреді. Кейінірек Абессалом көптеген халықтың сеніміне кіріп алады да, өзін патша етіп тағайындайды. Ақыр аяғында Абессалом Дәуітке қарсы соғыста жеңіліске ұшырап, қаза болады. Иә, Дәуіт көптеген бақытсыздықтарға ұшырады.

Осы екі арада Барсабия Сүлеймен деген тағы бір ұл табады. Дәуіт қартайып, ауруға шалдыққан шағында, оның ұлы Адония өзін әкесінің орнына патша етпек болады. Сонда Дәуіт бас діни қызметкер Садоққа Сүлейменнің патша болатынын көрсету үшін оның басына май құюды бұйырады. Дәуіт жетпіс жасқа келіп өмірден өтеді. Ол Исраилде қырық жыл патшалық етеді де, оның ұлы Сүлеймен Исраилдің патша тағына отырады.