Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

76-ОҚИҒА

Иерусалимнің күйреуі

Иерусалимнің күйреуі

НАБУХОДОНОСОР патша ең зиялы еврейлерді Бабылға алып кеткеннен бері, он жылдан аса уақыт өтті. Ал енді не болып жатқанына қарашы! Иерусалим өртеніп жатыр. Аман қалған исраилдіктерді болса тұтқындап, Бабылға әкетіп барады.

Есіңе алшы, Ехобаның пайғамбары ескерткен нәрсе тұп-тура орындалды. Алайда исраилдіктер пайғамбарлардың айтқандарына құлақ аспаған болатын. Олар Ехобаға мінажат етудің орнына жалған тәңірлерге табынуларын жалғастыра берді. Сондықтан халық жазаға лайық еді. Исраилдіктердің зұлым істері жөнінде төмендегі Езекиел пайғамбардың әңгімесінен біле аламыз.

Езекиелдің кім екенін білесің бе? Ол — Иерусалимнің күйрелуінен он жылдан аса уақыт бұрын Набуходоносор патша Бабылға тұтқындап алып кеткен бозбалалардың бірі. Даниял мен оның үш досы Шидрақ, Мишақ және Абденаго да осы уақытта тұтқындалған болатын.

Езекиел Бабылда болған кезде, Ехоба оған Иерусалимдегі ғибадатханада қандай жаман істердің болып жатқанын көрсетеді. Ехоба бұны керемет жасау арқылы көрсеткен еді. Езекиел бұрынғысынша Бабылда болғанымен, Ехоба оған Иерусалимдегі ғибадатханада не болып жатқанның бәрін көрсетеді. Ал оның көргені сұмдық нәрсе еді!

— Қарашы, халық ғибадатханада қандай жиіркенішті істер жасап жатыр,— дейді Ехоба Езекиелге.— Айналадағы қабырғаға қара: барлық жерде жыландар мен басқа да жануарлардың мүсіндері. Исраилдіктерге де қара: олар сол мүсіндерге табынып жатыр! Езекиел қарайды да, көрген нәрсесінің бәрін жазады.

— Исраил басшыларының жасырын істеп жатқан істерін көрдің бе?— деп сұрайды Ехоба Езекиелден. Иә, ол бұны да көреді. Ол жерде жетпіс ер кісі тұр екен. Олардың барлығы жалған тәңірлерге табынып жатыр. Оның үстіне олар:

— Ехоба көрмейді. Ол бұл елді қалдырып кеткен,— деп те қояды.

Бұдан кейін Ехоба Езекиелге ғибадатхананың теріскей қақпасының алдында отырған бірнеше әйелді көрсетеді. Олар онда жалған тәңір Таммузға табынуда. Ал енді Ехобаның ғибадатханасына кіре берістегі ер кісілерге қара! Олардың саны жиырма бес кісіге жуық. Езекиел соларға қарайды. Осы кезде олар беттерін шығысқа бұрып, күнге табынады!

— Бұл халық мені қадірлеуден қалған,— дейді Ехоба.— Олар жаман қылық істеп қана қоймай, бұл істерін менің ғибадатханама келіп, сол жерде істейді!

Сондықтан Ехоба былай деп сөз береді:

— Олар менің қаһарымның қандай екенін білетін болады. Жойылуға ұшыраған шақтарында, мен оларды есіркемеймін.

Ехоба Езекиелге осыны көрсеткеннен кейін үш жыл толар-толмас, исраилдіктер Набуходоносорға қарсы ереуілге шығады. Ал ол болса исраилдіктерге соғыс ашады. Бір жарым жыл өткен соң, бабылдықтар Иерусалимнің қорғанын құлатып, қаланы өртеп жібереді. Халықтың көбісі өледі, ал тірі қалғандары Бабылға тұтқынға алынады.

Неге Ехоба исраилдіктердің осындай бақытсыздыққа ұшырауына жол берді? Дұрыс-ақ, өйткені олар Ехобаны тыңдамады, әрі оның заңына мойынсұнбады ғой. Бұдан әрқашан Ехобаның заңын орындау қаншалықты маңызды екені көрініп отыр.

Бастапқыда азғана адамдарға ғана исраил жерінде қалуға рұқсат беріледі. Сөйтіп, Набуходоносор патша оларға Гедолиа деген яһудейді басшы етіп қояды. Бірақ бірнеше исраилдіктер бірігіп оны өлтіреді. Халық бұл үшін бабылдықтар келіп өлтіреді ме деп қорқып, Мысырға қашады да, өздерімен Еремияны да күштеп алып кетеді.

Исраил жерінде бірде-бір жан қалмайды. Жетпіс жыл бойы онда ешкім өмір сүрмейді. Жер қаңырап бос қалады. Алайда Ехоба 70 жылдан соң халықты бұл жерге қайта қайтаруды уәде етеді. Осы уақыт аралығында Бабыл жеріне тұтқынға алынған Құдайдың халқына не болды екен? Кел, көрейік.