Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

69-ОҚИҒА

Кішкентай қыздың беделді адамға көмектесуі

Кішкентай қыздың беделді адамға көмектесуі

МЫНА кішкентай қыздың не айтып жатқанын білесің бе? Ол өзінің ханымына Ехобаның пайғамбары Елішә жөнінде және оның Ехобаның көмегімен жасаған ғажайып істері жөнінде әңгімелеп жатыр. Бұл әйел Ехоба жайлы білмейді, өйткені ол исраилдік емес. Кішкентай қыздың қалайша бұл әйелдің үйіне келгенін көрейік.

Бұл — сириялық әйел. Оның күйеуі Нағыман — сирия әскерінің қолбасшысы. Сирияның әскері кішкентай исраилдік қызды тұтқынға алып, оны Нағыманның әйеліне қызметші етеді.

Нағыман алапес деп аталатын жаман аурумен ауыратын. Бұл аурумен сырқаттанған адамның денесінен жұлым-жұлым ет түсуі де мүмкін. Сондықтан Нағыманның әйеліне бұл қыз былай дейді:

— Менің мырзам Исраилдегі Ехобаның пайғамбарына барса ғой, ол оны алапесінен айықтырар еді.

Көп ұзамай бұл әңгіме оның күйеуінің құлағына жетеді.

Нағыман алапестен айығуды жан-тәнімен қалайтын, сондықтан ол Исраилге баруды шешеді. Исраилге келіп жеткен соң, ол Елішәнің үйіне беттейді. Елішә Нағыманға қызметшісін жіберіп, оның Иордан өзенінің суына жеті рет шомылуы керек екенін айтады. Нағыманды ашу билейді де:

— Менің елімдегі өзендер Исраилдегі өзендердің кез келгенінен анағұрлым жақсы!— деп кері қайтады.

Бірақ қызметшілерінің бірі:

— Мырзам, егер Елішә басқа бір қиынырақ нәрсе істе десе, сіз істер едіңіз ғой. Онда неге сізге қазір оның сөзіне құлақ асып, шомылып шықпасқа?— дейді. Нағыман қызметшісінің сөзіне құлақ асып, Иордан өзеніне барады да, жеті рет суға түсіп шығады. Осылай еткен соң, оның денесіндегі жарасы жазылып, сауығып шыға келеді!

Нағыманның қуанышында шек жоқ. Ол Елішәға қайта оралып:

— Енді мен бүкіл жер жүзіндегі ақиқат Құдай тек Исраил Құдайы екенін білемін. Рақым етіп, мына сыйды менің қолымнан алшы,— дейді. Алайда Елішә:

— Жоқ, мен сыйыңды алмаймын,— деп бас тартады. Ол сыйды қабылдау бұрыс әрекет боларын біледі, өйткені Нағыманды сырқатынан айықтырған Ехоба ғой. Бірақ сыйды Елішәның қызметшісі Гехезай алғысы келеді.

Сондықтан ол мынадай әрекет істейді. Нағыман кетіп қалған соң, Гехезай оны қуып жетіп:

— Елішәнің достары келіп қалып, соларға арнап сенің сыйыңның біразын алдыртуға жіберді,— дейді. Әрине, бұл жалған айтылған сөз. Бірақ Нағыман Гехезайдың жалған сөйлеп тұрғанын білмегендіктен, оған сыйынан береді.

Гехезай үйіне оралған кезде, Елішә болған нәрсенің бәрін біліп отырады. Болған жайды оған Ехоба айтты. Сонда ол:

— Сен осындай жаман қылық жасағаның үшін, Нағыманның алапесі саған ауады,— дейді. Оның сөзі сол заматта орындалады!

Бұл оқиғадан біз қандай сабақ аламыз? Біріншіден, мынау кішкентай қыз сияқты біз де басқаларға Ехоба туралы айтуымыз керек. Бұл көптеген игі істерге бастама беруі мүмкін. Екіншіден, бастапқыдағы Нағыман сияқты өркөкірек болмай, Тәңірдің қызметкерлеріне бойсұнған дұрыс. Ал үшіншіден, Гехезай сияқты жалған сөйлемеуіміз керек. Біз Киелі кітаптан қаншама пайдалы нәрселер білудеміз, солай емес пе?