Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

59-ОҚИҒА

Неге Дәуіт қашуға мәжбүр болды

Неге Дәуіт қашуға мәжбүр болды

ДӘУІТ Ғолиятты өлтіргеннен кейін, Исраил әскерінің қолбасшысы Әбенир оны Саулға ертіп келеді. Саул Дәуітке аса риза болатын. Ол Дәуітті әскеріне қолбасшы етіп тағайындап, өзінің ордасында қалдырады.

Кейінірек әскерлер філістірлермен болған ұрыстан қайтып келе жатқанда, әйелдер: “Саул мыңды өлтірді, ал Дәуіт он мыңды өлтірді”,— деп әндетті. Өзінен гөрі Дәуіттің көбірек мадақталғанын естігенде, Саулды қызғаныш биледі. Ал оның ұлы Жонатан болса қызғанбады. Керісінше ол Дәуітті өте жақсы көрді, Дәуіт те Жонатанды жақсы көрді. Сондықтан ол екеуі мәңгі айнымас дос болып қалуға серттесті.

Дәуіт арфада тамаша ойнайтын, әрі оның сазы Саулға ұнайтын. Алайда бір күні Саулды қызғаныш кернеп, сұмдық бір әрекет жасайды. Дәуіт арфада ойнап отырғанда, Саул: “Мен Дәуітті қабырғаға шаншып қоямын!”— деп, найзасын ала сала Дәуітке қарай лақтырады. Бірақ Дәуіт бұғып қалып, ол мүлт кетеді. Кейінірек ол тағы да бір рет Саулдың найзасынан қашып құтылады. Сонда Дәуіт енді аса абай болу керек екенін ұғады.

Саулдың берген уәдесі есіңде ме? Ол Ғолиятты өлтірген кісіге қызын әйелдікке беруді уәде еткен еді ғой. Ақыры ол Дәуітке қызы Михолды беретінін, бірақ алдымен жүз філістірді өлтіріп келуі керек екенін жариялайды. Ойлап қарашы! Шын мәнінде Саул філістірлердің Дәуітті өлтіргенін қалады. Бірақ Саулдың ойы іске аспайды, сондықтан ол қызын Дәуітке әйелдікке береді.

Бір күні Саул ұлы Жонатан мен басқа да қызметкерлеріне Дәуітті өлтіргісі келетінін айтады. Алайда Жонатан әкесіне:

— Оған қиянат жасама. Дәуіт саған еш зияндық жасаған жоқ қой. Қайта, ол саған үлкен көмек көрсетті. Өз өмірін қатерге тігіп, Ғолиятты өлтіргенін өзің де көріп, оған риза болған едің ғой,— деді.

Саул ұлының сөзіне құлақ асып, Дәуітке зияндық жасамауға уәде етті. Саул Дәуітті ордасына қайта алдыртты да, ол бұрынғысынша қызметін атқара берді. Сонымен бір күні Дәуіт күй тартып отырғанда, Саул тағы да оған найзасын лақтырады. Дәуіт орнынан ыршып түседі де, найза қабырғаға шаншылады. Міне, бұл әрекет осымен үшінші рет қайталанды! Дәуіт енді қашу керек екендігін түсінді!

Сол күні түнде ол өз үйіне келді. Бірақ Саул оны өлтіру үшін артынан кісі жіберді. Әкесінің бұл жоспары Михолға мәлім болып, ол күйеуіне:

— Егер сен бүгін түнде қашпасаң, ертеңге дейін тірі қалмайсың,— деді.

Сол түні Михол Дәуіттің терезеден түсіп қашып кетуіне көмектеседі. Содан Дәуіт жеті жылға жуық уақыт бойы Саулдан қашып, бір жерден екінші жерге жасырынып жүреді.