Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

65-ОҚИҒА

Патшалықтың бөлінуі

Патшалықтың бөлінуі

МЫНА кісі өзінің әдемі шапанын неге жұлым-жұлым етіп жыртып жатқанын білесің бе? Оған Ехоба солай ет деген. Бұл кісі — Тәңірдің пайғамбары Ахия. Пайғамбар деген кім екенін білесің бе? Құдай болашақта не болатынын кімге ашса, сол адамды пайғамбар дейді.

Ахия сөйлесіп тұрған адамның аты Еробоғам. Сүлеймен Еробоғамды құрылыстағы кейбір жұмыстарға бақылаушы етіп тағайындаған. Ахия жол үстінде Еробоғамды кездестіргенде, бір оғаш қылық жасайды. Ол үстіндегі жап-жаңа шапанын шешіп алып, жұлым-жұлым етіп он екі бөлікке бөліп тастайды да, Еробоғамға:

— Өзіңе он бөлігін ал,— дейді. Неге Ахияның Еробоғамға он бөлігін ал дегенін білесің бе?

Ол Ербоғамға Ехобаның Сүлейменнен патшалықты алып қоятынын және Исраилдің он руын Еробоғамға беретін ниеті бар екенін түсіндірді. Сонда Сүлейменнің ұлы Рохабоғам екі рудың үстінен ғана билік етпек.

Ахияның Еробоғамға не дегенін естігенде, Сүлеймен қатты ашуланады. Ол Еробоғамды өлтіруге тырысады. Бірақ Еробоғам Мысырға қашып кетеді. Ол Мысырда жүрген уақытта, Сүлеймен қайтыс болады. Сүлеймен қырық жыл патшалық етеді де, енді оның орнына ұлы Рохабоғам патша тағына отырады. Мысырда жүрген Еробоғам Сүлейменнің өлгенін естіген соң, қайта Исраилге қайтады.

Рохабоғам қатыгез патша болды. Ол халыққа әкесі Сүлейменнен де бетер қаталдық көрсетті. Еробоғам мен ел арасындағы тағы да бірнеше беделді адам Рохабоғам патшаға келіп, халыққа жұмсағырақ қарауын өтінеді. Бірақ ол бұл сөзге құлақ аспайды. Керісінше бұрынғысынан да қатулана түседі. Сонда халық Еробоғамды он рудың үстінен патша етіп тағайындайды да, Рохабоғамның билігінде Бунямин мен Яһуда руы ғана қалады.

Еробоғам өз қарамағындағы халықтың Иерусалимдегі Ехобаның ғибадатханасына барып ғибадат еткенін қаламайды. Сондықтан ол екі алтын бұзау жасатады да, он рулы патшалықтағы адамдарды осы бұзауларға табынуға мәжбүр етеді. Көп ұзамай бұл өлке қылмыс пен зорлық-зомбылыққа толады.

Екі рулы патшалық та көптеген бақытсыздықтарға ұшырайды. Рохабоғамның патша тағына отырғанына бес жыл толар-толмас, Мысыр патшасы исраилдіктерге қарсы соғысқа шығады. Олар Ехобаның ғибадатханасындағы қазынаның көбісін алып кетеді. Сондықтан ғибадатхана соғылып біткен күйінде аз ғана уақыт тұрады.