Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

116-ОҚИҒА

Мәңгі өмір сүру үшін не істеуіміз керек

Мәңгі өмір сүру үшін не істеуіміз керек

МЫНА кішкентай қыздың достарымен бірге не оқып отырғанын көріп тұрсың ба? Иә, дәл қазір сен оқып отырған “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” деген кітапты оқып отыр. Олар дәл сен оқып отырған “Мәңгі өмір сүру үшін не істеуіміз керек” деген тарауды оқуда.

Олардың бұл тараудан нені ұққанын білесің бе? Егер мәңгі өмір сүргіміз келсе, ең алдымен Ехоба жөнінде және оның Ұлы Иса жөнінде білу керек. Киелі кітапта: “Міне, былай мәңгі өмір сүруге болады: жалғыз шынайы Құдай туралы және оның жер бетіне жіберген Ұлы Иса Мәсіх туралы біл”,— делінген.

Біз Ехоба Құдай мен оның Ұлы Иса туралы қалай біле аламыз? Бұның бір мүмкіндігі — “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым” деген кітапты басынан аяғына дейін оқып шығу. Бұл кітапта Ехоба мен Иса туралы көп нәрсе айтылады, солай емес пе? Сонымен қатар бұл кітапта олардың жүзеге асырған және жүзеге асыратын істері жөнінде әңгімеленеді. Бірақ біз бұл кітапты оқып қана қоймай, одан да көбірек нәрсе істеуіміз керек.

Еденде жатқан тағы бір кітапты көріп тұрсың ба? Бұл — Киелі кітап. Осы кітаптағы әңгімелердің негізі болып табылатын Киелі кітаптың үзінділерін біреу саған оқып берсін. Киелі кітапта біздің Ехобаға дұрыс қызмет етуіміз үшін және мәңгі өмірге ие болуымыз үшін қажетті нәрсенің бәрі бар. Сондықтан Киелі кітапты жиі оқуға дағдылануымыз керек.

Дегенмен Ехоба мен Иса туралы біліп қана қою жеткіліксіз. Біз олар туралы және олардың берген тәлімі туралы біліміміз өте көп бола тұра, мәңгі өмірге ие бола алмай қалуымыз мүмкін. Тағы не қажет екенін білесің бе?

Үйренген нәрселеріңе сай өмір сүруің қажет. Яһуда Исқариот есіңде ме? Ол Иса таңдап алған он екі елшінің бірі болатын. Яһуда Ехоба мен Иса туралы өте көп нәрсе білетін. Алайда оған не болды? Біраз уақыт өткен соң, ол өзімшіл болып кетіп, отыз мысқал күміс үшін Исаға опасыздық жасады. Сондықтан Яһуда мәңгі өмірге ие болмайды.

Алпыс тоғызыншы әңгімеде оқыған Гехезай деген кісі есіңде ме? Ол өзгенің киімі мен ақшасын иемденгісі келді. Осы заттарға қол жеткізу үшін өтірік те айтады. Бірақ Ехоба бұл қылығы үшін оны жазалайды. Егер біз Ехобаның заңдарына бойсұнбасақ, ол бізді де жазалайды.

Сөйтсе де Ехобаға адал қызмет еткен жақсы адамдар да көп болған. Біздің де солар сияқты болғымыз келеді емес пе? Кішкентай Самуил жақсы үлгі көрсеткен. Елу бесінші әңгімеден Самуил Ехобаның шатырында қызмет етуін бастағанда, шамамен небары төрт-бес жаста ғана болғанын білгенімізді есіңе алшы. Сондықтан сенің жасың қаншада болса да, Ехобаға қызмет ету ешқашан да ерте болмайды.

Әлбетте, бәріміздің де Иса Мәсіхтің үлгісіне еліктегіміз келеді. Біз сексен жетінші тараудан Иса кіп-кішкентай бола тұра, ғибадатханада басқа адамдармен өзінің көктегі Әкесі туралы сөйлескенін білдік. Біз де оның үлгісіне еліктегейміз. Біздің тамаша Құдайымыз Ехоба туралы және оның Ұлы Иса Мәсіх туралы мүмкіндігінше көбірек адамдарға айтайық. Егер осылай етсек, Құдайдың жер бетінде орнатқан жұмағында мәңгі өмір сүре алатын боламыз.