Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

36-ОҚИҒА

Алтын бұзау

Алтын бұзау

МӘССАҒАН! Мына адамдар не істеп жатыр? Бұзауға табынып жатыр ғой! Неге олар бұлай етіп жатыр?

Мұса тауда біраз аялдап қалған уақытта, халық:

— Біз Мұсаға не болғанын білмейміз. Өзімізге бізді бұл жерден алып шығатын құдай мүсінін жасайық,— деді.

Мұсаның ағасы Һарон:

— Жарайды. Алтыннан жасалған әшекей бұйымдарыңды маған әкеліңдер,— деді. Исраилдіктер алтын бұйымдарын жиып әкелгенде, Һарон оларды балқытып, алтын бұзау құйып шығарды. Халық: “Бұл — бізді Мысырдан алып шыққан құдай!”,— деді. Сосын, олар үлкен мереке жасап, алтын бұзауға табынды.

Ехоба бұны көргенде қатты ашуланып, Мұсаға:

— Мына халық күнәға батты. Менің заңымды ұмытып, алтын бұзауға табынып жатыр. Тезірек таудан түс,— деп бұйырды.

Ол асығыс таудан түсті де, қос тұрған жерге жақындағанда, мынаны көрді: халық алтын бұзауды айналып, ән айтып, би билеп жүр! Мұсаның ашуланғаны соншалық, қолындағы Құдайдың заңы жазылған екі тас тақтаны жерге тастап жіберді, ал тақталар күл-талқан болды. Ол алтын бұзауды алып, балқытып жіберді. Ал одан қалғанын ұнтақтап тастады.

Исраил халқы өте жаман нәрсе істеді. Сондықтан Мұса кейбір ер кісілерге семсерлерін алуды бұйырып: “Алтын бұзауға табынып күнә жасағандар өлу керек”,— деді. Бұл кісілер үш мың адамды өлтірді. Ехобадан басқа ешбір жалған құдайларға табынбауымыз үшін бізге сабақ емес пе бұл?