Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

48-ОҚИҒА

Ақылды гибеондықтар

Ақылды гибеондықтар

ҚАНАХАН жерінің көптеген қалалары Исраилге қарсы шайқасқа дайындалып жатты. Олар исраилдіктерді жеңе аламыз деп ойлады. Бірақ жақын арадағы қалалардың бірі — Гибеонның тұрғындары бұлай ойламады. Олар исраилдіктерге Жаратқан Иенің өзі жақ екендігіне сенді, сондықтан Оған қарсы шыққылары келмеді. Гибеондықтардың не істегенін білесің бе?

Олар өздерін алыс елде тұратын адамдарға ұқсатпақ боп шешеді де, үстеріне көнерген көйлек, аяқтарына тозған аяқ киім киіп, есектеріндегі көнетоз қоржындарға кеуіп, қатып қалған нан салып алады. Сосын, Ешуаға келіп:

— Құдіретті Құдай Ехобаның сендермен бірге екенін естіп, өте алыс елден келеміз. Оның сендер үшін Мысырда жасаған нәрселерінің бәрін естідік. Сондықтан басшыларымыз бізге арнап жолға азық даярлап, сіздерден: “Сіздерге малай болайық. Бізбен соғыспауға сөз беріңіздер”,— деп өтініш ету үшін бізді жіберді. Қараңыздаршы, ұзақ жол жүргеннен көйлегіміз жыртылып, нанымыздың кеуіп қалғанын,— деді.

Ешуа да, басқа ақсақалдар да Гибеондықтардың сөзіне нанып қалды. Сөйтті де, олармен соғыспауға сөз берді. Алайда арада үш күн өткен соң, гибеондықтардың жақын жерде тұратынын білді.

— Неге сендер өте алыс елден келдік дедіңдер?— деп сұрады Ешуа олардан.

Гибеондықтар болса:

— Тәңір Ехобаның бүкіл Қанахан жерін сендерге беруге уәде еткенін естіп, сендер бізді өлтіріп тастайды ма деп қорықтық,— деп жауап берді.

Исраилдіктер өз сөзінде тұрып, гибеондықтарды өлтірген жоқ. Бұның орнына оларды өздеріне қызметші етті.

Иерусалимнің патшасы гибеондықтардың Исраилмен бейбіт бітім жасасқанына қатты ашуланды да, жанындағы төрт патшаға:

— Келіңдер, маған гибеондықтармен шайқасуға көмек беріңдер,— деді.

Міне, енді бес патша бас қосып, гибеондықтарға қарсы соғысуға шықты. Гибеондықтардың Исраилмен бейбіт келісім жасасқаны үшін, мына патшалар оларға қарсы соғыс ашып отыр, сондықтан гибеондықтардың шешімін ақылды шешім деп есептеуге болар ма еді? Көрейік.