Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

52-ОҚИҒА

Гедеон мен үш жүз сарбаз

Гедеон мен үш жүз сарбаз

МЫНА жерде не болып жатқанын көріп тұрсың ба? Бұл — Исраил жауынгерлері. Олар еңкейіп су ішіп жатыр. Ал би Гедеон болса қарап тұр. Ол жауынгерлердің қалай су ішіп жатқандарын бақылауда.

Мына кісілердің қалай су ішіп жатқандарына анықтап қарашы. Әрқайсысы әр түрлі. Кейбіреулері тізерлеп, бастарын иіп су ішіп жатыр. Бірақ олардың арасындағы біреуі айналасында не болып жатқанын барлап, суды алақанымен ішіп тұр. Бұның маңызы бар, өйткені Ехоба Гедеонға айналасын барлап тұрып су ішкен сарбаздарды іріктеп ал да, қалғандарын үйлеріне қайтарып жібер деген-ді. Кел, неге олай дегенін көрейік.

Исраилдіктер Ехобаға бойсұнбағандықтан тағы да бақытсыздыққа ұшырады. Олардың үстінен мадиандықтар үстемдік етіп алды. Исраилдіктер Ехобадан көмек сұрап жалбарынды, ал Ехоба олардың үніне құлақ асты.

Ехоба Гедеонға қол жина деген соң, ол отыз екі мың әскер жинады. Бірақ исраилдіктердің дұшпанының жүз отыз бес мың әскері бар болатын. Сөйтсе де Ехоба Гедеонға:

— Сенің әскерің тым көп,— деді.

Неге Ехоба бұлай деді?

Өйткені егер исраилдіктер жеңіске жетсе, жауды Ехобаның көмегінсіз-ақ өз күшімізбен жеңдік деп ойлап қалуы мүмкін еді. Сондықтан Ехоба Гедеонға:

— Сарбаздарыңның бәріне айт: кімде-кім қорқып тұрса, үйіне қайтсын,— деді.

Ол сарбаздарына осы сөздерді айтқанда, олардың жиырма екі мыңы үйіне қайтып кетті. Жаудың жүз отыз бес мың әскеріне қарсы он мың сарбаз ғана қалды.

Алайда мынаны тыңдашы! Ехоба:

— Қалған әскерің де тым көп,— дейді.

Сосын, ол Гедеонға адамдарын су ішуге апарып, тізерлеп басын төмен иіп ішкендерінің бәрін үйіне қайтаруды бұйырды.

— Айналасын бақылап тұрып су ішкен үш жүз сарбаз арқылы сендерге жеңіс сыйлаймын,— деп уәде етті Ехоба.

Міне, шайқасқа кірісер уақыт та келді. Гедеон үш жүз сарбазын үш топқа бөлді. Олардың әрқайсысына бір-бір керней мен ішінде жанып тұрған шамы бар құмыра берді. Түн жарымы болғанда, олар жау әскерінің қонысын айнала қоршап алды. Содан кейін барлығы бір мезгілде кернейлетіп жіберіп, құмыраларын қиратты да:

— Ехоба мен Гедеонның семсері!— деп айғайлады.

Ұйқысынан оянған жау әскерінің есі шығып, зәре-құты қалмай қаша жөнелді. Осылайша исраилдіктер жеңіске жетті.