Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

50-ОҚИҒА

Екі батыл әйел

Екі батыл әйел

ИСРАИЛДІКТЕР бастарына қиындық түскен кезде, Ехобаға жалбарынады. Ехоба дұғаларына құлақ асып, көмекке батыр басшыларды жібереді. Киелі кітапта бұл басшылар билер деп аталады. Ешуа алғашқы би болған, ал одан кейін Отниел, Ехуд, Шамғар атты билер болды. Бірақ Исраилге көмектескен кісілердің екеуі әйел болған. Олардың есімдері Дебора мен Жаел.

Дебора пайғамбар еді. Ехоба оған болашақта болатын оқиғаны білдіретін, ал ол болса Ехобаның айтқандарын халыққа баян ететін. Сонымен қатар Дебора төрешілік ететін би де еді. Ол бөктердегі құрма ағашының астында отыратын, ал халық оған көмек сұрап келетін.

Ол кезде Қанаханның патшасы Иабин еді. Оның тоғыз жүз соғыс арбасы бар болатын. Иабиннің әскері күшті болды, ал исраилдіктердің көбісі оған қызмет етуге мәжбүр еді. Иабин патшаның әскерін Сісера атты қолбасшы басқарды.

Бір күні Дебора Барақ биге кісі жіберіп, оған:

— Ехоба былай деді: “Он мың кісі алып, Табор тауына бар. Сісераны сол жерге әкелемін. Оның өзін де, әскерін де сенің қолыңа беремін”,— дейді.

Сонда Барақ Дебораға:

— Сен менімен бірге жүрсең ғана барамын,— деп жауап береді. Дебора Барақпен бірге жүреді, бірақ оған:

— Жеңіс үшін даңққа сен ие болмайсың, Ехоба Сісераны әйелдің қолына береді,— деді. Әрі солай болды да.

Сісераның әскеріне кезігу үшін, Барақ Табор тауына барды. Кенет Ехоба айналаны селдетіп жіберіп, жаудың әскерінің көбісі суға кетіп өледі. Бірақ Сісера күймесінен түсіп, қашып кетеді.

Көп ұзамай Сісера Жаелдің шатырына келеді. Ол Сісераны шатырына кіргізіп, сүт береді. Содан оның ұйқысы келіп, біраздан соң қатты ұйқыға кетеді. Сол кезде Жаел шатырдың бір қазығын алып, бұл жаман адамның басына шаншып қояды. Барақ келгенде, ол Сісераның өлігін көрсетеді! Көрдің бе, Дебораның айтқан сөзі тура орындалды.

Исраилдіктер ақыр аяғында Иабин патшаны да өлтіреді. Сосын, олар біраз уақыт бейбіт өмір сүреді.