Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

34-ОҚИҒА

Жаңа тағам

Жаңа тағам

ИСРАИЛДІКТЕРДІҢ жерден не жинап жүргендерін білесің бе? Ол ақ түсті, майда әрі қырауға ұқсайды. Бірақ бұл қырау емес, жеуге болатын бір нәрсе.

Исраилдіктердің Мысырдан шыққандарына бір-ақ ай болды. Олар шөл далада болатын. Шөл далада жейтін тағам аз болғандықтан, исраилдіктер:

— Ехоба бізді Мысырда-ақ өлтіре салмады ма. Біз онда не қаласақ, соны жейтінбіз,— деп наразылық білдірді.

Сонда Ехоба Өзінің оларға аспаннан нан жаудыратынын айтты, әрі солай етті де. Келесі күні таңертең исраилдіктер жерге түскен ақ затты көргенде, бір-бірінен:

— Бұл не?— деп сұрасты.

— Бұл Ехобаның жеуге берген тағамы,— деді Мұса. Исраилдіктер бұны МАННА деп атады. Ол бал қосып пісірген нан сияқты дәмді болатын.

Мұса халыққа:

— Өздерің жей алатын мөлшерде ғана жинаңдар,— деді. Олар күн сайын таңертең осылай ететін. Ал күн қыза бастаған уақытта, манна еріп кететін.

Мұса тағы былай деді:

— Ешқайсың маннаны келесі күнге қалдырушы болмаңдар. Алайда исраилдіктердің кейбіреулері бұл ескертуге құлақ аспады. Мұның салдары қандай болғанын білесің бе? Келесі күнге қалдырған маннаны быжынаған құрт басты да, сасып кетті!

Ал аптаның бір күні Ехоба халқына маннаны екі күнге жететіндей етіп жинаулары керек екенін айтты. Олар аптаның алтыншы күні осылай етті. Ехоба жетінші күні жерге манна түспейтін болғандықтан, алтыншы күні келесі күнге де жететіндей етіп жинау керек екенін түсіндірді. Жетінші күнге қалдырылған манна құрттамады да, сасымады да! Бұл тағы да бір керемет еді!

Исраилдіктер құла түзде болған уақыттың барлығында Ехоба оларды маннамен тамақтандырды.