46-ОҚИҒА
Иерихон қамалы
ИЕРИХОННЫҢ қамалы неге құлап жатыр? Оның үстіне үлкен бомба тастап жібергендей. Бірақ ол кезде бомба деген нәрсе болмаған ғой, тіпті оқ-дәрімен атылатын қару да болмаған. Ехоба тағы да бір керемет жасады! Бұның қалай болғанын көрейік.
Ехобаның Ешуаға не дегенін тыңдашы:
— Сен де, сарбаздарың да алты күн бойы қаланы күніне бір рет айналып шығыңдар. Келісім сандығын өздеріңмен бірге ала жүріңдер. Келісім сандығының алдында бұл шеруді керней тартқан жеті діни қызметкер бастап жүрсін.
Жетінші күні болса, қаланы жеті рет айналып өтіңдер. Ал кернейлердің даусы шыққан кезде, бүкіл халық қатты ұран салсын. Сонда қаланы қоршап тұрған қорған құлайды!
Ешуа мен халық Ехобаның айтқандарын бұлжытпай орындады. Шеру кезінде бәрі үнсіз болды. Бірде-бірі ләм демеді. Тек керней үні мен шерушілердің аяғының тапыры естілді. Құдай халқының Иерихондағы жауы үрейленіп, зәресі ұшса керек. Сен терезеде ілулі тұрған қызыл жіпті көріп тұрсың ба? Бұл кімнің терезесі? Иә, Рахаб екі тыңшының берген нұсқауын орындады. Отбасы түгелдей оның үйіне жиналып, болып жатқан істі бақылап отырды.
Шерушілер соңғы жетінші күні қаланы жеті рет айналып өтті де, кернейлетті. Сол кезде сарбаздар ұран салып еді, қорған қирай бастады. Сонда Ешуа былай деді:
— Қала тұрғындарының барлығын өлтіріңдер, ал қаланы өртеп жіберіңдер. Түгін қалдырмай өртеңдер. Тек күміс пен алтын, мыс пен темірді алып, Ехобаның шатырының қазынасына жинаңдар.
Сосын, Ешуа екі тыңшыға:
— Рахабтың үйіне барып, өзін де, отбасын да түгелдей алып шығыңдар,— деді. Тыңшылардың уәдесіне сай Рахабтың үй-іші аман-есен қалды.