45-ОҚИҒА
Иордан өзенінен өту
ҚАРА! Исраилдіктер Иордан өзенінен өтіп барады! Бірақ өзеннің суы қайда кеткен? Қазір жылдың жаңбырлы кезеңі ғой, біраз уақыт бұрын ғана өзеннің суы асып-тасып жатқан болатын. Ал енді өзенде мүлдем су жоқ! Исраилдіктер болса өзеннің құрғаған арнасымен Қызыл теңізден өткендері сияқты өтіп барады! Су ше, су қайда кетті? Кел, көрелік.
Исраилдіктерге Иордан өзенінен өту керек болған кезде, Ехоба Ешуаға халыққа былай деуді бұйырды:
— Діни қызметкерлер келісім сандығын алып, біздің алдымызда жүреді. Аяқтары Иордан суына тиісімен-ақ өзен суының ағыны тоқтай қалады.
Сонымен діни қызметкерлер келісім сандығын алды да, халықтың алдына түсіп жүрді. Діни қызметкерлер Иорданға жақындап келді де, суды кешті. Өзен терең әрі ағыны қатты болатын. Бірақ олардың аяқтары суға тиер-тимес, судың ағыны тоқтай қалды! Бұл керемет еді! Ехоба судың ағынын бөгеп қойды. Осылайша өзеннің арнасында су қалмады!
Келісім сандығын көтерген діни қызметкерлер құрғаған арнаның ортасына барып тұрды. Сен оларды мына суреттен көріп тұрсың ба? Исраилдіктер түгелдей Иордан өзенінің арғы бетіне өтіп болғанша, олар тұрған жерлерінен тапжылмады.
Бірі қалмай өзеннен өтіп болған соң, Ехоба Ешуаға он екі зор тұлғалы кісіге былай деуді бұйырады:
— Өзеннің арнасындағы келісім сандығын алып жүретін діни қызметкерлер тұрған жерден он екі тас алыңдар да, өздерің түнейтін жерге үйіңдер. Кейінгі замандағы ұрпақтарың бұл тастардың нені білдіретінін сұрағанда, Ехобаның келісім сандығын Иорданнан алып өткенде, судың ағынының тоқтап қалғанын айтыңдар. Бұл тастар сендердің естеріңе осы кереметті түсіретін болады.
Сосын, Ешуа келісім сандығын көтеріп тұрған діни қызметкерлерге:
— Иорданның арнасынан шығыңдар,— деп бұйырды. Олар арнадан шыға сала, өзеннің суы қайта аға бастады.