Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

47-ОҚИҒА

Исраилдегі ұры

Исраилдегі ұры

МЫНА адам бір заттарды шатырына әкеліп, көміп жатыр. Оның не көміп жатқанын қарашы! Әсем шапан мен бір кесек алтын, бірнеше күміс теңге. Ол бұның барлығын Иерихон қаласынан алды. Бірақ Иерихоннан түскен олжамен не істеу керек еді? Есіңде ме?

Барлығын жойып, ал алтын мен күмісті Ехобаның шатырына әкелулері керек еді. Бірақ мына адамдар Тәңірдің тілін алмады. Олар Тәңірге тиесілі нәрсені ұрлап алды. Бұл Ахан мен оның отбасының кейбір мүшелері. Кел, әрі қарай не боларын көрелік.

Ахан бұл заттарды ұрлап алғаннан кейін, Ешуа сарбаздарының бірнешеуін Ай қаласына шабуыл жасауға жіберді. Бірақ олар жеңіліске ұшырап, біраз адам қаза болып, кейін шегінді. Ешуа бұған қатты мұңайды. Ол жерге етпеттеп жатып алды да, Ехобаға дұға етіп:

— Басымызға осындай күн тууына неге жол бердің?— деді.

Сонда Ехоба:

— Тұр орныңнан! Исраилдіктер күнә жасады. Жойылуға тиіс нәрсені және киелі шатырға арналған нәрселерді иемденді. Олар әсем шапанды жасырып, жерге көміп қойды. Осы заттарды да, оларды иемденген адамдарды да жоймайынша, сендерге батамды бермеймін,— деді.

Ехоба Ешуаға бұл оңбаған адамды өзі көрсететінін айтты.

Сосын, Ешуа бүкіл халықты жинады. Сонда Ехоба оңбаған адамның Ахан екенін көрсетті. Ахан:

— Мен күнә жасадым. Әсем шапан мен бір кесек алтынды және күміс теңгелерді көрдім де, оларды өзіме алғым келіп кетті, сосын алдым. Олар менің шатырымда көмулі,— деді.

Бұл заттарды қазып алып, Ешуаға алып келгенде, ол Аханға:

— Неге сен бізді бақытсыздыққа ұшыраттың? Енді Ехоба сені де бақытсыздыққа ұшыратады!— деді.

Бүкіл халық Ахан мен оның отбасын таспен ұрып өлтірді. Бұл оқиға бізге өзгенің затын ешқашан алуға болмайтындығын көрсетеді емес пе?

Бұдан кейін исраилдіктер Ай қаласына қарсы шайқасқа шықты. Бұл жолы Ехоба халқына көмекке келді, сондықтан олар шайқаста жеңіске жетті.