Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

55-ОҚИҒА

Кішкентай балақайдың Тәңірге қызмет етуі

Кішкентай балақайдың Тәңірге қызмет етуі

МЫНА кішкентай бала қандай сүйкімді, рас па? Оның есімі Самуил. Ал оның басына қолын қойып тұрған — исраилдің Ели деген бас діни қызметкері. Самуилдің әкесі Елқана мен анасы Ханна оны Елиге алып келді.

Самуил төрт-бес жас шамасындағы бүлдіршін. Бірақ енді ол Елимен және басқа да діни қызметкерлермен бірге Ехобаның шатырында өмір сүретін болады. Неге Елқана мен Ханна жас Самуилді киелі шатырда Ехобаға қызмет етуге әкелді? Кел, көрелік.

Осыдан бірер жыл бұрын ғана Ханна қатты қайғырып жүрген-ді. Бұның себебі — оның баласы болмады, ал ол балалы болуды аңсап, армандады. Содан бір күні Ехобаның шатырына барғанда, Ханна былай деп дұға етті:

— Уа, Ехоба, мені есіңе ала гөр! Егер маған ұл берсең, өмір бойы саған қызмет ету үшін, оны саған беремін деп уәде етемін.

Ехоба оның дұғасын естіді де, бірнеше ай өткен соң, Ханна Самуилді туды. Ханна баласын бар көңілімен жақсы көрді, әрі жастайынан оған Ехоба туралы үйретті. Ол күйеуіне:

— Ұлымыз Самуил біраз өсіп, емшектен шыққан соң, оны Ехобаға қызмет етуі үшін киелі шатырға апарамын,— деді.

Мына суретте Ханна мен Елқана өздерінің баласын киелі шатырда қызмет етуі үшін әкелгендері бейнеленген. Ата-анасынан жақсы тәрбие алғандықтан, Самуил Ехобаның шатырында қызмет ететініне қуанды. Жыл сайын Ханна мен Елқана киелі шатырға мінажат етуге келгенде, кішкентай балақайын көріп қайтады. Сондай-ақ жыл сайын Ханна Самуилге арнап жаңа жеңсіз шапан тігіп әкеледі.

Осылайша жылдар өтіп жатты. Самуил Ехобаның шатырында қызмет етуін жалғастыра берді, әрі ол Ехобаның да, халықтың да көз алдында ұнамды болды. Бірақ бас діни қызметкер Елидің Опни және Пінехес деген ұлдары ұнамсыз болды. Олар көптеген жаман іс-әрекеттер жасап, басқаларды да Ехобаны тыңдамауға еліктіретін. Ели оларды діни қызметкерліктен аластатуы керек еді, бірақ ол олай етпеді.

Киелі шатырда жасалып жатқан жаман қылықтардың ешбірі жас Самуилдің Ехобаға қызмет етуіне кедергі етпеді. Ехобаны шындап жақсы көретін адамдар аз болғандықтан, Ехоба ұзақ уақыттан бері ешбір адамға тіл қатып, сөйлеспеген еді. Бірақ Самуил біраз өсіп қалған шақта мынадай бір оқиға болды:

Самуил шатырда ұйықтап жатқанда, оны бір дауыс оятты. Ол:

— Мен мұндамын,— деді де, Елиге келіп,— сіз шақырдыңыз ғой, мен мұндамын,— деп жауап берді. Бірақ Ели оған:

— Мен сені шақырған жоқпын. Барып төсегіңе жата ғой,— деді. Сосын, Самуил қайта төсегіне келіп жатты. Дауыс екінші рет:

— Самуил!— деп шақырды. Ол орнынан ұшып тұрып, тағы да Елиге келді де:

— Сіз шақырдыңыз ғой, мен мұндамын,— деді. Бірақ Ели:

— Балам, мен сені шақырған жоқпын. Орныңа барып жата бер,— деді.

Самуил қайтып келіп, төсегіне жатты.

— Самуил!— деп дауыс үшінші рет шақырды. Сонда ол Елиге келіп:

— Мен мұндамын. Осы жолы сіз мені шақырдыңыз ғой,— деді. Ели Самуилді Ехоба шақырып жатқанын түсінді де, оған былай деді:

— Орныңа барып жат та, өзіңді шақырған дауысты естігенде, “айта бер, Ехоба, пендең сені тыңдап тұр” деп айт.

Ехоба тағы да шақырғанда, Самуил осылай деп жауап берді. Сонда ол Самуилге Елиді де, оның ұлдарын да жазалайтынын айтты. Кейінірек Опни мен Пінехес філістірлермен болған шайқаста қаза болды. Ал Ели бұны естігенде құлап түсіп, мойны үзіліп өлді. Осылайша Ехобаның айтқан сөзі орындалды.

Өсіп ер жеткен соң, Самуил исраилдің соңғы биі болды. Ол қартайған шақта халық одан:

— Біздің үстімізден басшылық ететін патша тағайындап бер,— деп өтінді.

Самуил бұл өтінішті орындағысы келмеді, өйткені олардың патшасы Ехоба болатын. Алайда Ехоба оған халықтың сөзіне құлақ асуды бұйырды.