Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

49-ОҚИҒА

Күннің тоқтап тұруы

Күннің тоқтап тұруы

ЕШУАҒА қарашы. Ол күнге: “Тоқта!”,— деді. Күн болса тоқтап тұрып қалды. Күні бойы күн аспанның қақ ортасында тұрды. Бұны істеген Ехоба! Ал енді Ешуаға күннің сәулесі не үшін қажет болғанын көрейік.

Қанахан жерінің бес жаман патшасы гибеондықтарға қарсы шабуыл бастаған кезде, олар Ешуадан көмек сұрап, шабарман жібереді.

— Тезірек кел! Бізді құтқара гөр! Тау бөктеріндегі қалалардың патшаларының барлығы жиналып, сенің қызметшілеріңе қарсы соғысқалы жатыр,— деп өтінді олар.

Ешуа кідірместен бүкіл әскерін жинады да, жорыққа шықты. Олар түні бойы жүріп отырды. Гибеонға келіп жеткенде, бес патшаның әскері қорқып, қаша жөнелді. Сонда Ехоба аспаннан тас жаудырып жіберді де, патшалардың әскерінің көбісі мерт боп кетті. Ешуаның сарбаздары өлтіргендерден тас бұршақтан өлгендер көп еді.

Ешуа күннің батып бара жатқанын көрді. Қараңғы түссе, бес жаман патшаның әскерінің біразы қашып құтылар еді. Сондықтан Ешуа Ехобаға дұға етті де:

— Күн, тоқта!— деді.

Күн сәулесін түсіріп тұрды да, исраилдіктер түбегейлі жеңіске жетті.

Қанаханда Құдайдың халқын жек көретін басқа да жаман патшалар көп еді. Ешуа мен оның сарбаздарына Қанаханның отыз бір патшасын жеңу үшін алты жыл қажет болды. Ешуа олардың барлығын жеңіп болған соң, Қанахан жерін исраилдіктердің әлі өз үлесін алмаған руларына бөліп берді.

Көп жыл өткен соң, Ешуа жүз он жасқа келіп қайтыс болды. Ешуа мен оның достары тірі тұрғанда, халық Ехобаға бойсұнып жүрді. Алайда бұл жақсы адамдар өлгеннен кейін, халық жаман істер істей бастаған соң, бастарына қиындық түседі. Бұл олардың шынында да Жаратқан Иенің көмегіне мұқтаж болған кезі еді.