Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

41-ОҚИҒА

Мыстан жасалған жылан

Мыстан жасалған жылан

ҚАРАШЫ, қадаға оралып тұрған жылан кәдімгі тірі жыланға ұқсай ма? Жоқ, ұқсамайды. Бұл — мыстан жасалған жылан. Ехоба Мұсаға исраилдіктердің бұл жыланға қарағандары аман қалу үшін оны бір қадаға бекітіп қой деген-ді. Бірақ жерде жорғалап жүргендер кәдімгі тірі жыландар. Олар адамдарды шағып, ауруға ұшырататын. Неге бұлай болғанын білесің бе?

Өйткені исраилдіктер Жаратқан Ие мен Мұсаға қарсы шықты. Олар:

— Сен бізді Мысырдан мына шөл далада өлсін деп алып шықтың ба? Бұл жерде жеуге ас, ішерге су да жоқ. Біз манна жей беруден ығыр болдық,— деп наразылық білдірді.

Ал бірақ манна өте дәмді тағам болатын. Ехоба оларды керемет түрде маннамен асырады. Керемет түрде су да берді. Алайда исраилдіктер Жаратқан Иенің оларға жасаған қамқорлығын бағаламады. Сондықтан Ехоба исраилдіктерді жазалау үшін улы жыландарды жіберді. Олардың көбісі жылан шаққандықтан өліп кетті.

Ақырында халық Мұсаға келіп:

— Біз Ехобаға және саған қарсы шығып күнә жасадық. Енді Ехобаға дұға етші, бізді мына жыландардан арылтсын,— деп өтінді.

Сосын, Мұса халық үшін дұға етті. Сонда Ехоба Мұсаға мыстан жылан жасап, оны қадаға іліп қою керек екенін және кімді жылан шақса, осы мыс жыланға қарауы керек екенін айтты. Мұса Тәңірдің айтқанын бұлжытпай орындады. Ал жылан шаққандардың мыс жыланға қарағандары айығып кетіп жатты.

Бұл оқиға біз үшін де сабақ болады. Қандай да бір жағынан барлығымыз осы жылан шаққан исраилдіктерге ұқсаймыз. Барлығымыз да өлімші күйдеміз. Айналаңа көз тасташы, сен адамдардың қартаятынын, ауыратынын, өлетінін көресің. Бұлай болу себебі — алғашқы еркек пен әйел Адам мен Хауа Ехобаға қарсы шықты, ал біз барлығымыз олардың балаларымыз ғой. Бірақ Ехоба біздің мәңгі өмір сүре алуымыз үшін бір әрекет жасады.

Ол жер бетіне өзінің Ұлы Иса Мәсіхті жіберді. Көптеген адамдар Исаны жаман адам деп есептеп, бөренеге шегелеген болатын. Алайда біз өмірге ие болу үшін, Ехоба Исаны жіберді. Егер біз Исаға көңіл қойып, оның соңынан ерсек, мәңгі өмір сүре аламыз. Келесі тараулардан бұл жайлы біз бұдан да көбірек білеміз.