38-ОҚИҒА
Он екі тыңшы
МЫНА кісілер әкеле жатқан жеміс-жидектерге көз салшы. Жүзім шоғының қандай үлкен екендігіне қарашы. Оны екі кісі қадаға байлап көтеріп келеді. Інжір мен анар жемістеріне де қарашы. Олар мұндай ғажап жемістерді қай жақтан әкелді? Қанахан жерінен. Ыбырайым, Ысқақ пен Жақып өмір сүрген Қанахан жерін есіңе алшы. Алайда бұл елде жұт басталғанда, Жақып өз отбасымен Мысырға көшіп кеткен еді ғой. Енді шамамен 216 жыл өткен соң, Мұса исраилдіктерді Қанаханға қарай бастап шыққан болатын. Олар құла түздегі Қадеш деп аталатын жерге келген еді.
Қанахан жерінде жаман адамдар өмір сүретін. Сондықтан Мұса жерді барлап келу үшін он екі тыңшы таңдап алып, оларға былай деді:
— Онда қанша халық тұратынын және олардың қаншалықты күшті екенін, сондай-ақ өсімдік өсіру үшін жердің қаншалықты құнарлы екенін біліп келіңдер. Ал қайта оралғанда жеміс-жидегінен ала келіңдер.
Тыңшылар Қадешке қайта оралғанда, Мұсаға:
— Расында да, керемет жер екен,— деп баяндады. Дәлел ретінде Мұсаға түрлі жеміс-жидектерді көрсетті. Бірақ тыңшылардың ішіндегі оны:
— Онда тұратын халық алып әрі күшті екен. Бұл жерді жаулап алуға тырысар болсақ, бәріміз тегіс қырыламыз,— деді.
Мына сөздерді естіген халықты үрей биледі. Олар:
— Одан да Мысырда немесе шөл далада өлгеніміз артық еді ғой. Біз ұрыста өлеміз, ал әйеліміз бен бала-шағамыз олжа болмақ. Келіңдер, Мұсаның орнына өзімізге жаңа басшы таңдап алып, қайта Мысырға барайық!— деп шуласты.
Бірақ тыңшылардың екеуі Ехобаға сенім артып, халықты басуға тырысты. Олардың есімі Ешуа және Халеп еді. Олар былай деді:
— Үрейге берілмеңдер! Ехоба бізбен бірге! Бұл жерді оп-оңай жаулап аламыз. Бірақ халық бұл сөздерге құлақ аспады. Тіпті Ешуа мен Халепті өлтіргілері келді.
Сонда Ехоба қатты ашуланды да, Мұсаға былай деді:
— Исраилдіктердің жиырма жасқа келгендері және одан жоғары жастағыларының бірде-бірі Қанахан жеріне кірмейді. Олар Мысырда да, шөл далада да Мен жасаған кереметтерді көрді, бірақ бәрібір Маған сенім артпады. Сондықтан олар бірі қалмай қырылып қалғанша, қырық жыл бойы шөл далада қаңғып жүретін болады. Қанахан жеріне тек Ешуа мен Халеп қана кіреді.