Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

42-оқиға

Сөйлейтін есек

Сөйлейтін есек

СЕН есектің сөйлегенін естігенсің бе? Мүмкін, жоқ, естіген емеспін, жануарлар сөйлей алмайды ғой дерсің. Бірақ Киелі кітап бір есектің сөйлегені туралы әңгімелейді. Кел, бұл оқиғаның қалай болғанын көрейік.

Исраилдіктер Қанахан жеріне кіруге дайын еді. Моаб халқының патшасы Балақ исраилдіктерден қорыққандықтан, оларға қарғыс айтқызу үшін Балағам сәуегейді шақыртты. Исраилді қарғағаны үшін Балақ оған ақша беруге уәде еткендіктен, Балағам есегіне мінді де, жолға шықты.

Ехоба өзінің халқын Балағамға қарғатқысы келмеді. Сондықтан Балағамды тоқтату үшін ол ұзын қылышы бар періштені жіберді. Балағам бұл періштені көрмеді, бірақ оның есегі көрді. Сол себепті есек періште тұрған жолдан бұрылып кете берді. Ал ақыр аяғында тіпті жерге жатып алды. Балағам болса қатты ашуланып, есегін таяғымен ұра бастады.

Сол кезде Ехоба Балағамның есегіне тіл бітірді. Есек:

— Сен ұратындай мен не жаздым?— деп сұрады.

— Сен мені мазақ етіп тұрсың. Қолымда қылыш болғанда ғой, қазір-ақ сені өлтірер едім,— деді Балағам.

— Мен бұрын да осылай етуші ме едім?— деп сұрады есегі.

— Жоқ,— деп жауап қатты Балағам.

Осы кезде Ехоба Балағамның көзін ашты да, ол жолды бөгеп тұрған қылышы бар періштені көрді. Періште былай деді:

— Неге есегіңді ұрасың? Сенің жолыңды бөгеп тұрған мен, өйткені мен сенің Исраилді қарғауға барғаныңды қаламаймын. Есегің мен тұрған жолдан бұрылып кетпегенде, сен өлер едің, бірақ есегіңе еш қиянат жасамас едім.

Балағам:

— Мен күнәкармын. Жолымда сен тұрғаныңды білмей қалыппын,— деді. Періште Балағамға жол берді де, ол Балаққа қарай тартты. Ол әлі де Исраилді қарғау ниетінен қайтпағанымен, Ехоба Балағамға Исраилге үш рет қарғыс айтудың орнына үш рет бата бергізді.