Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

37-ОҚИҒА

Ғибадат шатыры

Ғибадат шатыры

МЫНАУ қандай ғимарат екенін білесің бе? Бұл Ехобаға ғибадат ету үшін арнайы жасалған шатыр. Сондай-ақ оны киелі шатыр деп те атайды. Исраилдіктер Мысырдан шыққан соң бір жылдан кейін шатырдың құрылыс жұмыстарын аяқтады. Оны кімнің жоспары бойынша соққанын білесің бе?

Ехобаның. Мұса Синай тауында болған кезде, Ехоба шатырды қалай соғу керек екендігін айтқан болатын. Жаратқан Ие оны бөлшек-бөлшекке бөліп соғу оңай болатынын айтты. Шатырды бір орыннан бір орынға бөлшектеп тасып, кейін қайта біріктіруге болатын еді. Сондықтан исраилдіктер бір орыннан екінші орынға көшкенде, діни қызметкерлер оны өздерімен бірге тасымалдайтын.

Киелі шатырдың түкпірінде орналасқан шағын ішкі бөлмеге қарасаң, жәшікті немесе сандықты көресің. Ол келісім сандығы деп аталады. Сандықтың екі шетінде де алтыннан жасалған бір-бір періште немесе керубтер бар болатын. Тәңір Он өсиет жазып берген екі жалпақ тасты Мұса сындырып тастағандықтан, Ехоба тағы да жазып берді. Бұл тас тақталар келісім сандығында сақталатын. Сонымен қатар сандықтың ішінде бір құмыра манна да сақтаулы еді. Маннаның не екені есіңде ме?

Мұсаның ағасы Һаронды Ехоба бас діни қызметкер етіп тағайындады. Ол Ехобаға ғибадат етуде жетекшілік етті. Һаронның ұлдары да діни қызметкерлер болды.

Ал енді киелі шатырдың үлкен бөлмесіне көз салшы. Ол кішкене бөлмеге қарағанда екі есе үлкен. Сандықтан шығып жатқан түтінді көріп тұрсың ба? Бұл құрбандық шалатын орын, бұл жерде діни қызметкерлер тәттілеу жұпар иісі бар фимиам деп аталатын затты өртейтін. Сонымен қатар бұл жерде жеті шам қойғышы бар шамдал бар. Бөлмедегі үшінші зат — үстел. Үстелдің үстінде он екі нан жататын.

Ал шатырдың ауласында суы бар шылапшын бар. Діни қызметкерлер жуыну үшін шылапшындағы суды қолданатын. Сондай-ақ бұл жерде құрбандық шалатын үлкен орын бар-ды. Онда Ехобаға арнап жануарларды құрбандыққа шалып, өртеп жіберетін. Шатыр қостың ортасына құрылды, ал исраилдіктер оның айналасында өмір сүрді.