Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ОҚИҒА

Ағаларының Жүсіпті жек көруі

Ағаларының Жүсіпті жек көруі

МЫНА суреттегі салы суға кетіп, мұңға шомған балаға қарашы. Бұл — Жүсіп. Ағалары оны Мысырға бет алып бара жатқан саудагерлерге сатып жіберді. Мысырда ол құл болады. Неге Жүсіптің қандас ағалары оған осындай мейірімсіздік жасады? Өйткені олар Жүсіпті көре алмайды.

Әкесі Жүсіпті қатты, өте қатты жақсы көретін. Жақып Жүсіпті қатты жақсы көргендіктен, оған әдемі өрнектелген шапан тіккізіп берді. Әкелерінің оны өзгелерден артық жақсы көретінін сезген соң, он ағасы Жүсіпті көре алмай, жек көре бастады. Бірақ оны жек көруге бұдан да басқа себеп бар болатын.

Жүсіп екі түс көрді. Екі түсінде де бауырларының өзіне иіліп, тағзым еткенін көрді. Жүсіп бұл түстерін ағаларына айтып бергенде, бауырларының оған деген жек көрініші арта түсті.

Бір күні ағалары әкелерінің малын бағуға кеткен кезде, Жақып Жүсіпті ағаларының жағдайын біліп келуге жіберді. Олар Жүсіпті алыстан көрген бетте ағайындылардың кейбіреулері бір-біріне:

— Жүріңдер, оны өлтірейік,— деді. Бірақ үлкен ағалары Рубен:

— Жоқ, оны өлтіре көрмеңдер,— деді. Олар Жүсіптің киімін шешіп алып, өзін суы жоқ бос құдыққа лақтырып жіберді. Сосын, онымен әрі қарай не істейтіндерін ойланды.

Осы екі арада олар ысмағұлдықтардың керуенін көреді. Сонда Яһуда қандас ағаларына былай деді:

— Жүріңдер, оны ысмағұлдықтарға сатайық. Сөйтті де, олар оны сатып жіберді. Олар Жүсіпті жиырма мысқал күміс ақшаға сатты. Қандай жауыздық пен мейірімсіздік десеңші!

Ағайындылар әкелеріне не айтты екен? Олар бір текені сойды да, оның қанына Жүсіптің өрнекті шапанын малып-малып алды. Сосын, шапанды әкелеріне көрсетіп:

— Біз мұны тауып алдық. Қараңызшы, ұлыңыз Жүсіптің шапаны емес пе екен?— деді.

Жақып шапанды таныды. Ол: “Жүсіпті жыртқыш аң жарып тастапты”,— деп күңіренді. Осылайша ағайындылардың көздеген жоспары жүзеге асты. Жақып баласын жоқтап, өте қатты қайғырды. Ол ұзақ уақыт бойы қатты қайғырып жүрді. Бірақ Жүсіп өлген жоқ. Ал енді ол тұтқында жүргенде, басынан кешкен оқиғаны көрейік.