20-ОҚИҒА
Динаның бақытсыздыққа ұшырауы
ҚАРАШЫ, Дина кімге қонаққа келе жатыр? Ол Қанахан қыздарын көру үшін келе жатыр. Әкесі Жақып Динаның бұл қылығын мақұлдар ма еді? Бұл сұраққа жауап беру оңайырақ болу үшін, Ыбырайым мен Ысқақтың Қанахан әйелдері туралы қандай ойда болғанын есіңе алшы.
Ыбырайым ұлы Ысқақтың Қанахан қыздарынан әйел алуын қолдаған ба еді? Жоқ, қолдаған жоқ. Ысқақ пен Рабиға ше, ұлдары Жақыптың Қанахан қызына үйленгенін қалады ма? Жоқ, олар мұны қалаған жоқ. Неге екенін білесің бе?
Өйткені Қанаханның тұрғындары жалған тәңірлерге табынатын. Олар күйеу немесе әйел, сондай-ақ жақын жолдас болатын жақсы адамдар емес еді. Сондықтан қызының Қанахан қыздарымен дос болғанын Жақып білсе, Динаның бұл қылығын ұнатпаған болар еді деп сенімді бола аламыз.
Әрине, Дина бақытсыздыққа ұшырады. Мына суреттен Динадан көз алмай тұрған қанахандық жігітті көріп тұрсың ба? Бұл жігіттің аты Сихем. Бір күні Дина қонаққа барғанда, Сихем оны алып кетіп, зорлап өзімен жатқызды. Бұл өте жаман қылық еді, өйткені ерлі-зайыптыларға ғана бірге жатуға болады. Сихемнің Динаға жасаған қылығы көптеген бақытсыздықтарға себепші болды.
Динаның ағалары болған жайды естігенде, қатты ашуланды. Әсіресе олардың екеуі, Шимон мен Леуі, қатты ашуланды да, семсерлерін алып, бейқам жатқан қаланың тұрғындарына тап берді. Шимон мен Леуіге олардың басқа ағалары да қосылып, Сихемді және сол қаладағы бүкіл ер адамдарды өлтірді. Жақып ұлдарына қатты ашуланды, өйткені олар жаман іс істеді.
Осы бақытсыздықтардың барлығына себеп болған не? Динаның Жаратқан Иенің заңдарын орындамайтын адамдармен дос болғысы келгендігі. Біз бұндай достарымыздың болғанын қаламас едік, рас па?