Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

30-ОҚИҒА

Жанып тұрған бұта

Жанып тұрған бұта

МҰСА қойларына шөбі мол жайылым іздеп, Хориб тауына дейін барды. Бұл жерден ол жанып тұрған, бірақ қанша жанса да өртенбейтін бұтаны көрді.

“Міне, ғажап,— деп ойлады Мұса. — Жақынырақ барып, жақсылап көрейінші”.

Ол бұтаға жақындап келгенде:

— Жақындама! Аяқ киіміңді шеш! Сен қасиетті жерді басып тұрсың,— деген дауысты естіді. Бұл періште арқылы сөйлеп тұрған Құдайдың өзі болатын, сондықтан Мұса жүзін жапты.

Құдай былай деді:

— Мен Мысырдағы халқымның күйзелісін көрдім. Мен халқымды мысырлықтардың құлдығынан сен арқылы құтқарамын.

Ехоба халқын Қанахан деп аталатын жерге алып бармақшы еді.

Бірақ Мұса:

— Мен кіммін. Мен бұны қалай істей алмақпын? Жарайды, мен бардым делік. Исраилдіктер: “Сені кім жіберді?” десе, не деп жауап беремін?— деді.

Жаратқан Ие:

— Оларға мені Ыбырайымның Құдайы, Ысқақтың Құдайы, Жақыптың Құдайы ЕХОБА жіберді дейсің,— деді. Сосын Ехоба:

— Бұл менің мәңгілік есімім,— деп қосты.

— Мүмкін олар мені сенің жібергеніңе сенбейтін шығар,— деп жауап берді Мұса.

— Қолыңдағы не?— деп сұрады Жаратқан Ие.

— Таяқ,— деп жауап берді Мұса.

— Оны жерге лақтыр,— деді Жаратқан Ие. Мұса таяғын лақтырып жібергенде, ол жыланға айналды. Сосын, Ехоба Мұсаға тағы да бір керемет көрсетті. Ол:

— Қолыңды қойныңа сұқ,— деді. Мұса қолын қойнына сұғып, қайта суырып алғанда, қолы аппақ қар сияқты болып кетті! Оның қолы алапес деген сұмдық ауруға ұшырағандай болып көрінді. Бұдан кейін Ехоба Мұсаға тағы бір, үшінші кереметті жасау үшін қабілет дарытты. Ақыр аяғында Жаратқан Ие:

— Осы үш кереметті көрсеткен соң, исраилдіктер сені менің жібергеніме сенеді,— деп Мұсаны жігерлендірді.

Бұдан кейін Мұса үйіне барды да, Еторға:

— Туыстарымның қалай өмір сүріп жатқанын көру үшін, Мысырға қайта оралуға рұқсат берші,— деді. Сөйтіп, Мұса Етормен қоштасып, қайта Мысырға аттанды.