18-ОҚИҒА
Жақыптың Харанға сапар шегуі
ЖАҚЫППЕН сөйлесіп тұрған кісілердің кім екенін білесің бе? Жақып ұзақ уақыт сапар шеккеннен кейін, бір құдықтың басында осы кісілерге кезікті. Олар қой бағып жүр екен. Жақып:
— Қай жерденсіңдер?— деп сұрады.
— Хараннанбыз,— деп жауап берді олар. Жақып:
— Лабанды білесіңдер ме?— деп сұрады.
— Иә, білеміз. Міне, оның қызы Рахила қойларын айдап келе жатыр,— деді олар. Рахиланың қай жерде келе жатқанын көріп тұрсың ба?
Жақып нағашысы Лабанның қызы Рахиланың қой айдап келе жатқанын көріп, құдықтың аузындағы тасты аударып тастап, оларды суарды. Сонан соң Жақып Рахиланың бетінен сүйіп, өзінің кім екендігін айтты. Рахила қатты толқып кетті де, әкесі Лабанға жүгіріп келіп, болған оқиғаның бәрін айтып берді.
Үйіне Жақыптың тоқтағанына Лабан қатты қуанды. Жақып Рахилаға үйленуге рұқсат сұрағанда да, Лабан қуана келісті. Бірақ Лабан Рахилаға үйлену үшін Жақыптың жеті жыл бойы қызмет етуін сұрады. Жақып Рахиланы жақсы көретін, сондықтан бұған келісті. Алайда үйленетін мерзім жеткенде, не болғанын білесің бе?
Лабан Жақыпқа Рахиланың орнына үлкен қызы Лияны берді. Жақып Лабанға тағы да жеті жыл қызмет етуге келіскен соң, ол оған кіші қызы Рахиланы да әйелдікке берді. Ол кезде Жаратқан Ие ер кісілерге бірнеше әйел алуға рұқсат берген болатын. Ал қазір болса Киелі кітаптан көріп отырғанымыздай, ер кісінің бір ғана әйелі болуы керек.