Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

28-ОҚИҒА

Мұса деген сәбидің аман қалуы

Мұса деген сәбидің аман қалуы

МЫНА ханымның саусағынан ұстап, жылап жатқан кішкене бөбекке қарашы. Бұл — Мұса. Ал мына келбетті ханымның кім екенін білесің бе? Бұл — перғауынның қызы, Мысыр ханшасы.

Мұсаның анасы баласын мысырлықтардың өлтіргенін қаламай, оны үш ай бойы жасырады. Бірақ мысырлықтар баланы кез келген уақытта тауып алуы мүмкін екендігін білгендіктен, баласын аман алып қалу үшін ол былай етті.

Бір себетті алып, оның ішіне су өтпейтіндей етіп бітеді. Оның ішіне Мұсаны жатқызып, себетті Ніл өзенінің бойындағы биік шөптің арасына қойды. Мұсаның әпкесі Мәриямға болса ол жерден алыс кетпей, не боларын бақылап тұр делінген болатын.

Көп ұзамай перғауынның қызы Ніл өзеніне шомылуға келді. Кенет ол биік шөптің арасындағы себетті көреді. Ол қызметшісін шақырып алып:

— Барып себетті маған алып кел,— деді. Ханша себеттің бетін ашқанда, оның ішінде сүйкімді бір сәбидің жатқанын көрді! Кішкентай Мұсаның жылап жатқанын көріп, ханша оны аяп кетті. Ханша сәбиді өлтірткісі келмеді.

Осы екі арада Мәриям олардың жанына келді. Сен оны мына суреттен көре аласың. Мәриям перғауынның қызынан:

— Исраил әйелдерінің арасынан баланы емізетін сүт ана ертіп әкелейін бе?— деп сұрады.

Ханша:

— Барып, ертіп әкеле ғой,— деді.

Мәриям жүгіріп барып, болған жайдың барлығын анасына айтып берді. Мұсаның анасы ханшаға келді де, ханша оған:

— Мына сәбиді алып, маған бағып бер. Мен саған ақысын төлеймін,— деді.

Осылайша Мұсаның анасы өз баласын өзі бақты. Мұса біраз өскен соң, анасы оны перғауынның қызына алып келді де, ол оны бала қылып асырап алды. Міне, осылайша Мұса перғауынның үйінде өсіп, ер жетті.