Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

32-ОҚИҒА

Он жаза

Он жаза

МЫНА суреттерге қарашы. Бұл Ехобаның Мысырға жіберген жазалары. Бірінші суреттен Һаронның Ніл өзеніне таяғын сілтегенін көріп тұрсың. Бұдан кейін өзеннің суы қанға айналып кетті де, ондағы балық қырылып қалып, өзеннің суы саси бастады.

Сосын, Ехоба Ніл өзенінің құрбақаларын судан шығарып жіберді. Олар барлық жерде болды: қазан-ошақ пен ыдыс-аяқтың арасында да, төсектің арасында да, бір сөзбен айтқанда, барлық жерді қаптап кетті. Құрбақалар өлген соң, мысырлықтар оларды тау-тау етіп үйе бастады, ал айнала болса өлі құрбақаның иісінен сасып қоя берді.

Бұдан кейін Һарон таяғын жерге сілтеп қалған кезде, шаң-тозаң шіркейге айналды. Шіркейлер — кішкентай ұшатын жәндіктер. Олар Мысыр жеріне келген үшінші жаза болатын.

Осыдан кейінгі жазалар исраилдіктерге кесірін тигізген жоқ. Олардан тек мысырлықтар ғана жапа шекті. Төртінші жаза болғанда, мысырлықтардың үйінде дәу-дәу шыбындар құжынап кетті. Бесінші жаза жан-жануарларға қатысты болды. Мысырлықтардың ірі қарасы мен қой-ешкілері қырылып қалды.

Бұдан соң Мұса мен Һарон бір уыс күл алып, ауаға шашып жіберді. Бұл адамдар мен жануарлардың денесін жаман жара қаптауына әкеп соқты. Бұл алтыншы жаза болатын.

Сосын, Мұса қолын аспанға көтерді, ал Ехоба аспанды алай-түлей етіп күркіретті де, бұршақ жаудырып жіберді. Мысырда бұрын-соңды бұндай бұршақ жаумаған болатын.

Сегізінші жазада шегірткелер бұлты қаптады. Бұған дейін де, бұдан кейін де мұншама шегіртке болған емес. Олар бұршақтан аман қалған нәрсенің бәрін жойып жіберді.

Тоғызыншы жаза қараңғылық еді. Үш күн бойы айналаны қара түнек басып тұрды, бірақ исраилдіктер тұрған жер жап-жарық болды.

Ақырында, Жаратқан Ие өзінің халқына есіктерінің жақтауына лақтың немесе тоқтының қанын жағып қою керек екенін айтты. Бұдан кейін Жаратқан Иенің періштесі Мысырдың үстінен өтеді де, есігінің жақтауынан қанды көрген үйден ешкімді өлтірмейді. Ол есігінің жақтауынан қанды көрмеген әрбір үйдің тұңғыш ұлы мен малының тұңғышын мерт етеді. Бұл оныншы жаза болатын.

Соңғы жазадан кейін перғауын исраилдіктердің Мысырдан шығуына рұқсат берді. Жаратқан Иенің халқы жол жүруге түгелдей даяр болатын, сондықтан олар сол күннің түнінде-ақ Мысырдан шығып кетті.