Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

25-ОҚИҒА

Отбасының Мысырға көшуі

Отбасының Мысырға көшуі

ЖҮСІП бұдан артық шыдап тұра алмады. Ол қызметшілерінің барлығын бөлмеден шығарып жіберді. Бауырларымен ғана қалғанда, дауыстап жылап жіберді. Бауырлары оның неге жылап жатқанын білмегендіктен, олардың таңырқап тұрып қалғанын елестетуге болады. Ақыр аяғында ол:

— Мен Жүсіппін ғой! Әкем тірі ме?— деді.

Бірақ олардың абыржығандары соншалық, жауап бере алмады. Олар қорқыныштан қалшиып қатып қалды. Бірақ Жүсіп:

— Маған жақынырақ келіңдерші,— деді. Ағалары жақындағанда, ол:

— Мен сендер Мысырға сатып жіберген Жүсіппін!— деді.

Сосын, Жүсіп шын көңілімен былай деді:

— Мені Мысырға сатып жібергендеріңе өздеріңді кінәламаңдар! Құдайдың Өзі мені осы жерге адамдардың өмірін сақтап қалу үшін жіберді. Перғауын мені өзінің бүкіл еліне бақылаушы етіп қойды. Енді сендер тезірек әкеме барып, осының бәрін айтып жеткізіңдер. Көшіп келіп, осы жерде тұрсын.

Жүсіп бауырларының барлығын құшақтап, беттерінен сүйді. Перғауын Жүсіптің ағалары келгенін естігенде, оған:

— Олар әкелеріне және өз бала-шағаларына арнап күймелер ала кетіп, осы жерге көшіріп әкелсін. Мен оларға Мысырдың ең жақсы жерінен беремін,— деді.

Олар айтылған нәрселерді орындады. Сен мына суреттен Жақыптың бар үй ішімен Мысырға көшіп келгенде, Жүсіптің оны қарсы алғанын көре аласың.

Бұл кезде Жақыптың отбасы өте үлкен болатын. Жақыппен бірге оның ұл-қыздары мен немерелері жетпіс кісі болып Мысырға көшіп келді. Сондай-ақ олардың әйелдері және қызметшілері де көп болса керек. Олардың барлығы Мысырға қоныстанды. Олар исраилдіктер деп аталды, өйткені Жаратқан Ие Жақыптың атын Исраил деп өзгерткен болатын. Бұдан кейін біз исраилдіктердің Тәңір үшін өте ерекше халық болғандығын көреміз.