Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

23-ОҚИҒА

Перғауынның түстері

Перғауынның түстері

АРАДА екі жыл өтті, Жүсіп әлі түрмеде болатын. Бас шарапшы оны сол күйі есіне алған да жоқ. Бір күні түнде перғауын ерекше екі түс көрді де, олардың мағынасын білгісі келіп, жанын қоярға жер таппады. Оның ұйықтап жатқанын көріп тұрсың ба? Ертеңіне ол данышпандарын шақырып алып, көрген түстерін айтып берді. Алайда олардың ешқайсысы перғауынның көрген түстерінің мағынасын түсіндіріп бере алмады.

Осы уақытта шарапшының есіне Жүсіп түсті. Ол перғауынға былай деді:

— Мен түрмеде отырған кезде, сол жерде түстердің мағынасын түсіндіріп бере алатын бір кісі бар еді.

Сонда перғауын кідірместен Жүсіпті түрмеден босатып, сарайына алдыртты.

Перғауын Жүсіпке түстерін айтып берді:

— Мен түсімде семіз жеті сиыр көрдім. Сосын, мен ұсқынсыз, арық жеті сиырды да көрдім. Арық сиырлар семіз сиырларды жеп қойды.

Ал екінші түсімде бір сабақтан әдемі толық піскен жеті масақтың өсіп тұрғанын көрдім. Сосын, қатып-семіп қалған, сидиған арық жеті масақтың өсіп тұрғанын да көрдім. Мұнан кейін сидиған арық масақтар толып піскен жеті масақты жұтып қойды.

Жүсіп перғауынға былай деді:

— Бұл екі түстің де шешуі біреу. Жеті күйлі сиыр да, жеті әдемі толық піскен масақ та жеті жылды білдіреді. Жеті арық, ұсқынсыз сиырлар мен кеуіп қалған жеті масақ та жеті жылды білдіреді. Мысырда жеті жыл бойы молшылық болады. Содан кейінгі жеті жыл бойы астық өте аз өсіп, жұт болады.

Сосын, Жүсіп перғауынға былай деді:

— Бір ақылгөй, дана адамды тағайындаңыз. Ол осы молшылық болатын жеті жыл бойы астықты азық қоры ретінде жинап алсын. Бұл жеті жылғы жұт кезінде халықты аштықтан сақтайтын қор болады.

Бұл ұсыныс перғауынға ұнап қалды және астық қорын жинауға ол Жүсіпті тағайындады. Сөйтіп, Жүсіп бүкіл Мысырды басқаратын бас уәзір болып тағайындалды.

Сегіз жыл өткен соң, бұл кезде аштық басталып қойған болатын, Жүсіп бірнеше адамның келе жатқанын көрді. Кімдер екенін білесің бе? Иә, келгендер Жүсіптің он ағасы ғой! Олардың Қанахандағы үйлерінде жейтін ас қалмаған соң, әкелері Жақып оларды Мысырға астық сатып алуға жіберген болатын. Жүсіп ағаларын танығанмен, олар оны танымады. Неге танымағанын білесің бе? Өйткені Жүсіптің жасы ұлғайған және киімі де басқаша болатын.

Жүсіптің есіне бала күнінде көрген түсінде ағаларының оған иіліп бас июге келгені түсті. Осы оқиғаны оқығанымыз есіңде ме? Сонда Жүсіп оны Мысырға жіберген Жаратқан Ие екенін және мұнда бір игі ниет бар екендігін түсінді. Қалай ойлайсың, Жүсіп енді не істейді? Кел, көрейік.